ТМД дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты – Смайылов

© Photo : Пресс-служба правительства КазахстанаӘлихан Смайылов
Әлихан Смайылов - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.10.2022
Жазылу
АСТАНА, 28 қазан – Sputnik. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Бұл туралы Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов елордада өтіп жатқан ТМД үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол шағын құрамда әріптестерімен ТМД-ны дамытудың өзекті мәселелері туралы пайдалы пікір алмасқанын атап өтті.
"Былтыр ТМД 30 жылдық мерейтойын атап өтті. Бүгін Достастық өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басып отыр. Осы жылдары ұйым өзінің қажеттілігін дәлелдеді, елдер арасындағы достық қарым-қатынастың берік іргетасына айналды. Көпжақты ынтымақтастығымыз өзара сенім, прагматизм мен мүдде балансын сақтау қағидаттарына негізделген", - деді Смайылов ТМД үкімет басшылары кеңесінің отырысында.
Айтуынша, ТМД елдерінің өзара іс-қимылы әлемдік экономикадағы теріс тенденцияларды төмендетуге мүмкіндік береді және өзара тиімді серіктестікті дамытуға септігін тигізеді.
"Ұйым аясында қабылданған шаралардың арқасында білім, медициналық-әлеуметтік, азаматтық-құқықтық сипаттағы көптеген мәселе сәтті шешімін тапты. Азаматтарымыз ТМД елдері арасында визасыз жүріп-тұру мүмкіндігіне ие. Қазақстан ТМД-ның белсенді қатысушысы ретінде ынтымақтастықты кеңейтуге, әлеуетті нығайтуға және оның мүмкіндіктерін ашуға мүдделі", - деді үкімет басшысы.
Смайылов биыл Қазақстан ТМД-ға төрағалық етіп жатқанын, осы кезеңде еліміз өзара іс-қимылды тереңдету бойынша бүкіл бағытта практикалық жұмыс жүргізгенін айтты.
Астанада ТМД үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтіп жатыр. Маңызды жиынға Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов, Әзербайжан премьері Али Асадов, Беларусь премьері Роман Головченко, Тәжікстан премьері Кохир Расулзода, Өзбекстан премьері Абдулла Арипов, Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров, Армения вице-премьер-министрі Мгер Григорян және Түрікменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамырат Гельдимырадов қатысуда.
Жаңалықтар
0