Рақымшылық жасау туралы заңның аясында қанша адам түрмеден босатылады

© Sputnik / Vasily Krestyaninov / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.10.2022
Жазылу
АСТАНА, 27 қазан – Sputnik. Қаңтар оқиғасына қатысқандарға бір реттік рақымшылық жариялау туралы заңның аясында 40-тан астам адам түрмеден шығады. Бұл туралы сенатор Владимир Волков мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде қаңтар оқиғасы бойынша сотталған 1112 адамның ішінде 128 адам ғана бас бостандығынан айырылған.
"Рақымшылық туралы заң қабылданғаннан кейін бас бостандығынан айыру орындарынан 40-тан астам адам шығады. Бұдан бөлек, шамамен 50 адам жарты жылдың ішінде босатылады. Ал орташа және ауыр емес қылмыстық тәртіп бұзушылық жасаған 170-тен астам адам жазадан құтылады" - деді Волков сенаттың жалпы отырысында.
Оның айтуынша, рақымшылыққа полицейлер мен әскерилер де ілігеді. Бірақ адам азаптауға қатысы бар адамдар жауаптан босатылмайды.
Айта кетері, бүгін сенат рақымшылық туралы заңды қабылдады. Оған сәйкес, теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандар жазадан толық босатылады. Ал жазасын өтеп шыққандардан соттылық алынады. Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға жаза мерзімін қысқарту көзделген. Атап айтқанда, ауыр қылмыстар үшін сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар үшін жазаның жартысы қысқарады.
Егер сотталған тұлғаның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол толық босатылады. Жалпы рақымшылық 1500-дей адамды қамтиды.
Осы жолғы рақымшылықтың бірнеше ерекшелігі бар. Бұрын айыпталушы міндетті түрде келтірілген шығынды өтеуге тиіс еді. Бұл жолы келтірілген залал өтелген соң ғана рақымшылық жасалады деген талап қойылмайды. Алайда мүлік иесі материалдық шығынды сот арқылы өндіріп алуға құқылы. Сосын бұған дейін жазаны өтеу тәртiбiн қасақана бұзған сотталған адамдарға рақымшылық қолданылмайтын. Бұл жолы ондай талаптар болмайды.
Ал террористер, экстремистер, рецидивистер, адамды азаптағандар, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен мемлекетке опасыздық жасағандар рақымшылыққа ілінбейді.
Парламент сенатының ғимараты - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.10.2022
Сенат қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасау туралы заңды қабылдады
Жаңалықтар
0