Қырғызстанның Қазақстандағы мәдениет күндері басталды

© Photo : Мәдениет және спорт министрлігіҚырғызстанның Қазақстандағы мәдениет күндері басталды
Қырғызстанның Қазақстандағы мәдениет күндері басталды  - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.10.2022
Жазылу
Іс-шаралар бағдарламасы аясында көрмелер, концерттер, дөңгелек үстелдер өткізіліп, фильмдер көрсетіледі
АЛМАТЫ, 27 қазан – Sputnik. Астанада Қырғыз Республикасының мәдениет күндері басталды. Ол 29 қазанға дейін жалғасады, деп хабарлады мәдениет және спорт министрлігі.
Елордадағы "Керуен" сауда ойын орталығында қырғыз киносы күндерінің ашылуы болды. Кинокөрсетілімнің алғашқы күнінде қырғыз режиссерлерінің "Акыркы көч", "Дарак ыры", "Шамбала", "Көл" кинокартиналары ұсынылады. Айта кетері, кино күндерінің ашылуына Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтов қатысты.
Сондай-ақ Ұлттық академиялық кітапханада екі елдің зиялы қауым өкілдерінің "Түркі әлемінің қос алыбы: Әуезов және Айтматов" форумы өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайту. Атап айтқанда, тараптар екі ұлы жазушы Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов шығармашылығының мәдениетаралық ынтымақтастықтағы рөлін талқылады.
27 қазанда Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде "Бастау" көрмесі ашылады. Көрменің мақсаты – келушілерді қырғыз өнерінің ірі шеберлерінің шығармаларымен таныстыру.
Сондай-ақ бұл күні қырғыз өнер шеберлерінің гала-концерті өтеді, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының фойесінде Қырғызстанның тарихи-мәдени мұрасы мен қолөнерінің көрмесі болады.
Сонымен қатар 28 қазанда "Манас" эпосына арналған іс-шара және Нұрдин Түгелов атындағы "Ақ Марал" мемлекеттік би ансамблі мен Чалагыз Исабаев атындағы "Камбаркан"фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концерті жоспарланған.
Қырғыз республикасының Қазақстандағы мәдениет күндері 29 қазанға дейін жалғасады. Бұл күні Токтоболот Әбдімомынов атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық драма театрының "Саманшын жолу" спектаклі көрсетіледі.
Жаңалықтар
0