Білім

"Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" байқауының жеңімпазына 6 млн теңге беріледі

CC0 / nikolayhg / Архивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.10.2022
Жазылу
АСТАНА, 26 қазан – Sputnik. Бірінші қарашада "Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2022" республикалық байқауы басталады.
Құжат қабылдау 15 қарашаға дейін жалғасады. Конкурс жеңімпаздары 6 миллион теңгеден астам сыйақы алады, деп хабарлайды ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Байқауға жоғары оқу орындарының штаттағы оқытушылары қатыса алады. Олардың кемінде 5 жыл үздіксіз ғылыми-педагогикалық өтілі, оқытушылық және ғылыми қызметте жоғары жетістіктері болуға тиіс.
Конкурс 2 кезеңнен тұрады. Атап айтсақ, алдымен жоғары оқу орнының ішінде, кейін республикалық деңгейде өтеді.
"Жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылар құрамынан тұратын сарапшылар тобы үміткердің сандық және сапалық көрсеткіштерін екі бағыт – оқыту сапасы және ғылыми-зерттеу қызметі бойынша бағалайды. Сараптау тобының қорытындысы негізінде ЖОО комиссиясы конкурсқа қатысушылардың екінші – республикалық кезеңге қатысуы туралы шешім шығарады", - деді ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Республикалық комиссияның құрамына үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ, студенттер және жастар ұйымдарының, ЖОО қауымдастықтарының өкілдері мен сарапшылар кірген.
Байқауға қатысу үшін өтінімдер мен құжаттар ақпараттық жүйе арқылы электронды форматта қабылданады. Бұл конкурстың ашық өтуін қамтамасыз етеді, деп атап өтті ведомство.
Айта кетері, "Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" байқауының жеңімпаздары ақшалай ынталандырумен қатар төсбелгімен де марапатталады.
Жаңалықтар
0