Қоғам

Ұлттық мереке қайта жаңғырды: қазақстандықтар Республика күнін атап өтіп жатыр

© Photo : Пресс-служба акима Астаны Мемлекеттік ту
Мемлекеттік ту - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.10.2022
Жазылу
Республика күні – Қазақстандағы жалғыз ұлттық мейрам. Республика сөзі латын тілінде "ортақ іс" деген мағына береді
АСТАНА, 25 қазан – Sputnik. Республика күні араға 13 жыл салып қайта оралды. Бүгін, 25 қазан елдің түкпір-түкпірінде барша халық ұлттық мейрамды тойлап жатыр.

Мереке тарихы

Мерекелер күнтізбесіне енген 25 қазан кездейсоқ таңдалған жоқ. Дәл сол күні 1990 жылы "Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы" декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан құжат болатын.
Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Сонымен қатар алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді.
Осы декларацияның арқасында ҚазКСР өз ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік пен ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал президент елдің басшысына айналды.
Республика күні "ұлттық мереке" болып алғаш рет 1995 жылы 18 қазанда жарияланған еді. Алайда ғұмыры ұзаққа бармады: алты жылдан кейін бұл мәртебеден айырылып, "мемлекеттік мереке" санатына өтті.
Ал 2009 жылы сәуірде "Мерекелер туралы" заңға өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, Қазақстанда Республика күні аталып өтпейтін болды.

Қайта жаңғырған мейрам

Биыл маусым айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазан – Республика күнін қайтаруды ұсынды. Мемлекет басшысы оған "ұлттық мейрам" мәртебесін беру қажет екенін мәлімдеді.
"Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек", - деген болатын Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында.
Президенттің тапсырмасы көп ұзамай орындалды. Парламент заң қабылдап, Тоқаев оған қол қойды. Осылайша 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні болып белгіленді. Ал 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болып өзгерді.
Айта кетері, заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, Республика күні – елдегі жалғыз ұлттық мейрам.
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.09.2022
25 қазан – Республика күні Қазақстанға қандай өзгеріс әкеледі

"Республика күнін күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтеміз"

Жуырда Ақордада Республика күніне орай өткен салтанатты жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлімдеді.
"Биылдан бастап Республика күні – ұлттық мереке. Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам", - деді мемлекет басшысы.
Осы орайда Тоқаев "азаттық Қазақстанға кездейсоқ бұйырды" дейтіндерге де жауап берді.
"Қазақта "Егемен болмай, ел болмас" деген терең мағыналы сөз бар. Кейде "Азаттық Қазақстанға кездейсоқ бұйырды, еліміз тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялады" деген біржақты, үстірт тұжырымдар айтылып қалатыны жасырын емес. Бұл – сол кездегі жағдайды дұрыс бағамдай алмаған адамдардың сөзі. Шын мәнінде, егемендікке бастайтын қасиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өтті", - деді ол.
Президент Егемендік декларациясын халықтың жан-жақты және ұзақ жылғы күресінің нәтижесі деп атады.

Астана мен Алматыда Республика күні қалай тойланады

Астана
Айтулы датаның құрметіне "Қазақстан" орталық концерт залында 25 қазан сағат 18:00-де Роза Рымбаеваның шығармашылығына арналған концерт өтеді.
Сол күні сағат 16:00-де ЕХРО көрмесі алаңында "Қазақстаным менің!" концерті ұйымдастырылады.
Сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары Бейбітшілік және келісім сарайында сағат 19:00-де "Мәңгілік ел дауысы" концерттік бағдарламасын тамашалай алады.
24-25 қазанда қалалық спорт басқармасы елордалық футбол федерациясымен және "Дәулет" теннис орталығымен бірлесіп, балалар жарысын өткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ осы күндері Астана маңындағы "Этноауыл" ұлттық-мәдени кешені аумағында ат спорты бойынша спорттық сайыстар өтеді.
Бұдан бөлек, сол күні сағат 12:00-де "Қазанат" ат спорты кешенінде бәйге түрлері бойынша жарыстар жоспарланған. Аламан және топ-бәйге бойынша 20 және 14 км қашықтықтағы жарыстарға еліміздің 11 өңірінен 70 шабандоз қатысады.
Қала халқына көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын мәдени-спорттық шаралар мерекелік отшашуға ұласады.
Отшашу 25 қазан күні сағат 21:00-де қаланың екі жерінде ұйымдастырылады: Атырау көпірі (қала жағалауы) және Ботаникалық бақ аумағы. Отшашудың ұзақтығы – шамамен 10 минут, ал атыс саны – 3,5 мың.
Алматы
Оңтүстік мегаполис те мерекелік шаралардан құр алақан емес.
25 қазан күні сағат 11:00-де "Медеу" биік тау кешенінің алдындағы алаңда "Патриотизм дауысы" акциясы аясында мемлекеттік Ту салтанатты түрде көтеріледі және Әнұран орындалады.
Салтанатты рәсімге мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың өкілдері, саяси партиялардың көшбасшылары, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, студенттер, әскери қызметшілер (құрметті қарауыл, әскери-үрмелі оркестр) қатысады.
Сондай-ақ, осы уақытта қаланың барлық ауданында мемлекеттік Әнұран жаппай орындалады. (Алатау ауданы – Almaty Arena мұз сарайы аумағында, Алмалы ауданы – ҚБТУ ғимараты алдында, Әуезов ауданы – Алматы көпсалалы колледжі ғимараты алдында, Бостандық ауданы – MEGA Almaty – Розыбакиева, Жетісу ауданы – "Гүлдер" саябағы, Медеу ауданы – Ғылым ордасы ғимаратының алдындағы алаң, Наурызбай – аудан әкімдігі ғимаратының алдында, Түрксіб – Сауранбаев көшесіндегі Арбатта).
Әнұранды орындағаннан кейін ЖОО, колледж және әскери оқу орындары студенттерінің қатысуымен "Қыран елім – Қазақстан" флешмобы өтеді.
25 қазан сағат 10:00-де "Ұлттық дала ойындары" республикалық ұлттық спорт түрлерінің фестивалі жоспарланған. Өтетін орны – Омаров көшесі, 10а, Алматы ипподромы.
Дәл осы күні сағат 17:00-де қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен "Астана" алаңында мерекелік концерт өтеді.
Концерттен кейін мерекелік отшашу болады.
Еске салсақ, биыл қазақстандықтар Республика күніне орай қатарынан үш күн – 23, 24 және 25 қазан демалды.
Жаңалықтар
0