Президенттік үшін алты кандидат таласады – саясаттанушылар өз пікірін айтты
10:16 25.10.2022 (жаңартылды: 09:50 27.10.2022)
© Sputnik / Абзал КалиевВыборы президента РК 2019
© Sputnik / Абзал Калиев
Жазылу
АСТАНА, 24 қазан – Sputnik. Қазақстанда президент сайлауы алдындағы үгіт-насихат басталды. Көшеде арнайы баннерлер орнатылды. Ал кейбір кандидатар дауыс беруге үндейтін парақшаларды таратуға кірісіп кетті.
Осы жолы президенттікке алты кандидат таласады. Олардың арасындағы екі әйел де бар. Sputnik Қазақстан президент сайлауына қатысты саясаттанушылардың пікірін жазып алды.
Әрбіреуінің өз мақсаты бар
Саясаттанушы Андрей Чеботаревтің ойынша, үміткерлердің барлығы бірдей президенттік орынды көздеп отырған жоқ. "Мәселен, "Ауыл" партиясы мен Жалпыхалықтық социал-демократтар партиясы келесі жылда өтетін кезектен тыс парламент пен жергілікті сайлауларды ескере отырып, сайлаушылардың назарын өздеріне аударғысы келетін сияқты.
Ал Мейрам Қажыкеннің президент сайлауы кампаниясына қатысуы өзі құрып жатқан партияға мүше адамдардың санын көбейту үшін маңызды болып тұр", - дейді Чеботарев.
Сарапшы "Ақ жол" мен Қазақстан халық партиясының Тоқаевты қолдайтын коалицияға жайдан-жай қосылмады деп санайды. Олар да мәжілістегі орнын сақтап қалғысы келеді.
"Иә, "Ақ жол" мен ҚХП Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалицияға қосылды. Дегенмен әрбіреуіне саяси ерекшелігін, сондай-ақ, "парламенттік оппозиция" деген мәртебесін сақтап қалу маңызды. Сондықтан "ақжолдықтар" мен "халықшылдар" осы сайлауда мемлекет басшысын қолдай отырып, алдағы мәжіліс пен мәслихат сайлауларынан барынша пайда алып шығуға тырысады. Бірақ ол үшін әрбіреуі халықпен жұмыс жасау әдістерін және бағдарламалық құжаттарын қайта қарап шығуы тиіс. Ауыл мен ЖСДП-ға да солай істеген дұрыс", - деп атап көрсетті саясаттанушы.
Осы орайда сарапшы Amanat партиясының ұстанымына да тоқталды. Бүгінде бұл ұйым президенттік партия мәртебесінен айырылса да, жетекші саяси күш ретінде әрекет етіп келеді. Президент сайлауына Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды, сосын халықтық коалицияның құрылғанын жариялады. Бүгінде оған 25 ұйым қосылды. Осының өзі үгіт-насихатпен қазақстандықтардың біраз бөлігін қамтуға мүмкіндік береді.
"Атап өтер тағы бір жәйт, мемлекет басшысының сайлау кампаниясына негіз болатын ұрандардың бірі - "Әділетті Қазақстан үшін!". 2005 жылы тура осындай атаумен оппозициялық коалиция өзінің сайлау кампаниясын өткізген. Бірақ артынан Ақорданың оппоненттері өз жұмысын сол деңгейде көрсете алмады, одан кейінгі президенттік сайлауларда белсенді әрі мықты бойкот та жасай алмады. Сол себепті қыркүйек айында құрылған Демократиялық күштер коалициясы осы жолғы Халықтық коалицияға қарсы тұра ала ма, жоқ па, әзірше белгісіз", - дейді Чеботарев.
Лайықты қарсылас бар ма?
Саясаттанушы Дос Көшім кандидаттардың президент болу үшін сайлауға түсіп жатқанына сенбейді. "Мәжіліс пен мәслихат сайлауын көздеп отыр" деген пікірмен де келіспейді.
"Олар бәсекелестіктің рөлін атқаруға түсіп жатқан сияқты. Басқа да кандидаттар бар дегенді көрсету үшін шыққан тәрізді. Бұрын ешқайсысы қоғамды өзгертейін, я болмаса, саяси жүйені өзгертейін деп көрінген жоқ. Журналистер тікелей өздерінен сұраса, ешқайсысы менің жеке өз бағытым бар деп айта алмайтын сияқты. Мәжәліс пен мәслихат үшін де түсіп жатқан жоқ. Өйткені олардың қай партиядан түсіп жатқаны ешкімді қызықтырмайды. Иә, олар белгілі бір ұйымдардан шығып отыр. Бірақ президент сайлауы жақсы бір бәсекелестік болмаса, олардың аты қалмайды, халық олардың бәрін ұмытады", - деді Көшім Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Сарапшы үш президент сайлауы – Серікболсын Әбділдин, Жармахан Тұяқбай және Әміржан Қосанов қатысқан сайлауларды ерекше атап өтті. Сол кезде нағыз бәсекелестік болды.
"Осы жолы ешқандай бәсекелестік көріп отырған жоқпын. Меніңше, қазіргі президентке бәсекелес бола алатын адамдар бар. Бірақ оларды ешкім білмейді, себебі ешкім көрсетпейді. Содан кейін халық басқа ешкім жоқ деп ойлайды. Барлық идеология бір адамға жұмыс істегенде басқа адам көрінбейді. Бұрынғы жүйені де кінәлаудың қажеті жоқ", - деп атап көрсетті Көшім.
Оның ойынша, осы жолы Тоқаев дебатқа қатысуы әбден мүмкін. Себебі лайықты қарсылас жоқ.
Президент сайлауына кімдер түседі?
Орталық сайлау комиссиясы алты кандидатты ресми түрде тіркеп, үгіт-насихат жұмыстарына кірісуге рұқсат берді.
Олар:
Қасым-Жомарт Тоқаев (Халықтық коалиция);
Мейрам Қажыкен ( "Аманат" республикалық кәсіподақтар бірлестігі);
Жигули Дайрабаев ("Ауыл" партиясы);
Қарақат Әбден ("Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы" республикалық қоғамдық бірлестігі);
Салтанат Тұрсынбекова ("Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігі);
Нұрлан Әуесбаев (Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы)