Экономика

"7-20-25" бағдарламасы аяқталуға жақын: министрлік 12%-тік балама ипотека ұсынды

CC0 / / Архивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.10.2022
Жазылу
АСТАНА, 24 қазан – Sputnik. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ипотека бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін өтеу үшін субсидия ұсыну ережелерін әзірледі. "Ашық НҚА" порталында жарияланған бұйрық жобасы "7-20-25" бағдарламасына балама болмақ. Толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.
"7-20-25" бағдарламасы 2018 жылы іске қосылған еді. Төрт жыл ішінде қолжетімді ипотека халық тарапынан үлкен сұранысқа ие болды. Бағдарлама аясында 1 триллион теңгеге несие беру жоспарланды. Қазір ақшалай лимиттің 700 млрд теңгеден астамы игерілген, әлі 300 млрд теңгедей қаражат бар.
Десе де үкімет "7-20-25" осы жылдың соңында жабылуы мүмкін екенін ескертті. Себебі лимит таусылуға жақын. Осыған байланысты уәкілетті органдар қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін "7-20-25" бағдарламасына балама ипотека ойлап тапты. Ол жаңа үйлерге берілетін ипотека бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау деп аталады. Яғни мемлекет банктердің проценттік ставкасының бір бөлігін республикалық бюджет есебінен өтейді. Ал қалғанын азаматтар өз қалтасынан төлейді.

Балама ипотеканың шарттары қандай

Индустрия министрлігі әзірлеген бұйрық жобасына сәйкес, ипотека беретін банктердің сыйақы мөлшерлемесі Ұлттық банктің базалық ставкасынан 5% аспауы керек.
Айта кетері, қазір Ұлттық банктің базалық ставкасы – 14,5%. Оған осы 5%-ті қосқанда, екінші деңгейлі банктің сыйақы мөлшерлемесі 19,5% болады. Мемлекет сыйақы мөлшерлемесінің 7%-ін субсидиялайды, қалғанын – 12,5%-ін пәтер иесі өзі жабады.
Егер субсидиялау туралы шешім қабылданған сәтте Ұлттық банктің базалық ставкасы 11,5% немесе одан төмен болса, қарыз алушы үшін сыйақының түпкілікті мөлшерлемесі Ұлттық банктің базалық ставкасынан төмен болмауға тиіс.
"7-20-25" бағдарламасымен ипотекалық қарызды 25 жылға рәсімдеуге болса, мына механизм бойынша несиелеу мерзімі – 20 жылға дейін.
Бірақ субсидиялаудың максималды мерзімі 10 жылдан аспайды.
Ал бастапқы жарна өзгеріссіз қалып отыр: сатып алатын пәтер құнының кемінде 20%-і.
Сонымен қатар үй аларда қарыз алушы тұрғын үйді соттан тыс сатуға келісім беруі керек. Яғни егер ол шарт талаптарын орындамаса, кепілге қойылған мүлік сотқа жүгінбей-ақ сатылады.

Қандай үй сатып алуға болады

Құжатқа сәйкес, халық ипотеканы салынып біткен жаңа пәтерге ғана емес, құрылысы аяқталмаған үйге де рәсімдей алады. Яғни сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау механизмі салынып жатқан тұрғын үйлерге де таралады. Өйткені құрылыс кезеңіндегі үлескерлік тұрғын үй дайын үйге қарағанда орташа есеппен 30%-ке арзан.
Бұл ретте ипотека бойынша субсидиялау тетігі жер үйлерге қолданылмайды.
Субсидияланатын ипотекалық қарыздың ең жоғары сомасы әр қалада әртүрлі:
Астана мен Алматыда – 35 млн теңгеге дейін;
Ақтау, Атырау және Шымкентте – 25 млн теңгеге дейін;
Қарағандыда – 20 млн теңгеге дейін;
Басқа өңірлерде – 15 млн теңгеге дейін.
"Нарық конъюнктурасына байланысты және республика бойынша тұрғын үй бағасына жүргізілген талдау қорытындысын ескеріп, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент, Қарағанды және басқа өңірлерде субсидияланатын ипотекалық тұрғын үй қарызының максималды сомасы ұлғайтылды", - деп түсіндірді индустрия министрлігі.
Субсидиялау шарты Бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторы мен екінші деңгейлі банк арасында бекітіледі. Бірыңғай оператор қарыз алушының төлем кестесіне сәйкес, ай сайын банк шотына субсидияны аударып отырады.
11-12%-тік ипотеканың жобасы әлі талқыланып жатыр. Құжат "Ашық НҚА" порталында 27 қазанға дейін қоғам талқысына шығарылған. Порталда пікір қалдырған қазақстандықтардың дені "қолжетімді" ипотеканың шарттарына қарсы. Көбі "7-20-25" бағдарламасының ұзартылғанын қалайды.
Жаңалықтар
0