Халықтың сұранысына сай келетін идеология қажет - Тоқаев
© Photo : Пресс-служба Президента Республики КазахстанКасым-Жомарт Токаев

Жазылу
АСТАНА, 22 қазан – Sputnik. Халыққа түсінікті болатын және шын мәнінде, азаматтарымыздың сұранысына сай келетін идеология қажет. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін Ақордада Республика күніне орай мемлекеттік наградалар табысталды. Салтанатты жиында президент "адам мемлекет үшін емес, мемлекеттің игілігі адам үшін" қағидасы басты ұстанымға айналғанын ерекше атап өтті.
"Мемлекеттілігімізді одан әрі нығайтамыз десек, бізге, ең алдымен, өзара жауапкершілік және тілектестік идеологиясы аса қажет. Себебі, егемен еліміздің тағдыры – әр азаматтың қолында. Бұл – үлкен борыш. Осыны терең түсінуіміз керек. Енді елімізге барша халыққа түсінікті болатын және шын мәнінде, азаматтарымыздың сұранысына сай келетін идеология қажет. Ашығын айтқанда, бізге жасанды қағидалар емес, барша азаматтардың көңілінен шығатын, олардың жүрегіне жылы тиетін шынайы өмірде қажет болатын дұрыс бағыт-бағдар керек", - деді Тоқаев.
Ал мемлекет азаматтардың құқықтарына және олардың еркіндігіне мызғымас кепіл болады.
"Бүгінде халқымыз бір ел болып жұмылып, тұтастықта өмір сүріп жатыр. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай "Қуатты және қарқынды даму жолына түскен мемлекет азаматтардың құқықтарына және олардың еркіндігіне мызғымас кепіл болады. Халқы жасампаз, отаншыл және еңбекқор ел ғана толағай табысқа жетері анық. Сондықтан, біздің осы жолдағы бағдарымыз – баршаға айқын", - деп атап көрсетті Тоқаев.