Бірінші жартыжылдықта нәресте өлімі азайды

© Photo : pixabay.comИллюстративті фото
Иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.10.2022
Жазылу
АСТАНА, 22 қазан – Sputnik. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында бір жасқа дейінгі 1,6 мың нәресте көз жұмды. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғыдан 2,3%-ке аз, деп хабарлады Finprom.kz.
Өңірлер арасында ең көп өлім-жітім Алматы облысында тіркелді – 210 нәресте, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 20,7%-ке көп. Одан кейінгі орындарда халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлер тұр – Шымкент (209 жағдай, 2,5% көбейген) және Түркістан облысы (172 жағдай, 33,3% көбейген).
Түркістан облысында бір жыл ішіндегі ең көп өсім тіркелді. Ал Ақтөбе облысы өлім-жітім ең көп азайған өңір атанды, мұнда бірінші жартыжылдықта 80 сәби шетінеген. Осылайша, көрсеткіш 35 процентке төмендеді.
Өлім санының азайғанына қарамастан, Қазақстанда нәресте өлімінің коэффициенті 1000 балаға шаққанда 7,8-ден 8,3-ке дейін өсті.
Осы жылдың қаңтар-маусым айларында нәресте өлімінің ең жоғары көрсеткіші Шымкент қаласында (1000 нәрестеге шаққанда 13,6), сондай-ақ Қостанай (1000 нәрестеге шаққанда 12,6) және Батыс Қазақстан (1000 нәрестеге шаққанда 11,4) облыстарында тіркелді.
Ең төменгі көрсеткіш Ақмола (1000 нәрестеге шаққанда 4,9), Түркістан (1000 нәрестеге шаққанда 6,1) және Павлодар (1000 нәрестеге шаққанда 6,7) облыстарында байқалды.

Нәресте өлімінің себептері

Көбінесе бір жасқа дейінгі балалардың шетінеуіне перинаталдық кезеңде туындаған жағдайлар себеп болады: жыл басынан бері 866 нәресте (өткен жылдың сәйкес кезеңінде 932 бала). Оның ішінде сепсистен 78 нәресте шетінеді.
Сондай-ақ бір жасқа дейінгі балалар туа біткен ауытқулардан (297 бала) және жұқпалы және паразиттік аурулардан (84 нәресте, оның ішінде ішек инфекциясынан 3 нәресте қайтыс болған) көз жұмады. Сонымен қатар нәресте өліміне тыныс алу органдарының аурулары, сондай-ақ жазатайым оқиға, улану және жарақат әсер етеді.
2022 жылдың бірінші жартыжылдығында жазатайым оқиғадан, уланудан және жарақаттан 61 бала шетінеді.
Жаңалықтар
0