"Аяқ алып жүргісіз": Алматы облысының тұрғындары жабайы саудадан мезі болды
© Айдана ДайыроваАлматы облысында жабайы ауда тыйылмай тұр
© Айдана Дайырова
Жазылу
Ал саудагерлер басқа амалдары жоқтығын айтады
АЛМАТЫ, 21 қазан – Sputnik. Алматы облысы Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағашта жабайы саудадан аяқ алып жүргісіз. Бұл жағдай ауыл тұрғындарын алаңдатып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ұзынағаш ауылында жабайы сауда тыйылмай тұр.
"Ары бері өтейік десек, жүру мүмкін емес. Түсінемін күнкөріс қой. Бірақ орын тауып беріп реттесе дұрыс болар еді", - дейді Бибісара Омарова.
Ал саудагерлер басқа амалдары жоқтығын айтады.
"Көшеге шығып сауда жасамағанда қайтем енді? Бала-шағаны бағуым керек, несиемді төлеуім керек. Ұзынағашта жақсы еңбекақы төлейтін жұмыс жоқ. Алматыға барып келіп тапқан ақшам такси мен тамақтан артылмайды. Бізді үнемі қуалайды полицейлер. Қашып құтыламыз. Біздің де берекеміз кетті әбден. Егер бізге нақты орын бекітіп берсе, неге сол жерде тұрып сауда жасамасқа",- дейді Айнұр Ибраева (аты-жөні өзгертілген).
Ауыл тұрғындарының айтуынша, жол бойын жайлаған сауда көбейіп барады. Ал аудан орталығындағы базар әкімшілігі жабайы сауда оларға еш қатысы жоғын айтады.
© Айдана ДайыроваАлматы облысында жабайы ауда тыйылмай тұр
Алматы облысында жабайы ауда тыйылмай тұр
© Айдана Дайырова
"Біздің саудагерлер өздеріне тиесілі орындарда ғана сауда жасайды. Жабайы сауда бізге де кедергі келтіреді. Өйткені базардағы сауда жүрмей қалды. Біздің базардың саудагерлері ренжиді "сауда жоқ, жалға алған орынды қалай төлейміз" деп. Тұрғындардың барлығы ары*-бері өтіп жүріп, керектерін жабайы саудадан ала салады", - дейді Ұзынағаш базарының әкімшілігі.
© Айдана ДайыроваАлматы облысында жабайы ауда тыйылмай тұр
Алматы облысында жабайы ауда тыйылмай тұр
© Айдана Дайырова
Ал жергілікті әкімдіктің айтуынша, жабайы саудамен айналысатындар - көпбалалы аналар, қарттар, арасында еңбекке жарамсыз мүгедектер де бар. Оған қарамастан әр қайсысына бірнеше мәрте шара да қолданылған.
"Саудагерлер базардың сырт жағына шығып алады. Полиция қызметкерлерімен бірлесіп жабайы сауданы жою рейдіне шығамыз. Өзіміз жеке де шығамыз. Алайда біз хаттама толтырып, шара қолдана алмаймыз. Полиция қызметкерлері ескерту, айыппұл салып жұмыс жүргізеді. Рейд кезінде сауда толығымен жойылады. Кейін қайта шығып алады. Бірнеше жылдан бері осы мәселе біздің аса назарымызда тұр",- дейді Ұзынағаш ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Әлия Әбуова.