Петропавлда 500-ден астам азамат әскери борышын өтеуден жалтарып жүр

© Sputnik / Виталий Аньков / Медиабанкке өтуСрочная служба
Срочная служба - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.10.2022
Жазылу
АСТАНА, 20 қазан – Sputnik. Петропавлда әскерге шақырылғандардың басым бөлігі әскери міндетті өтеуден жалтарып жүр немесе денсаулығына байланысты әскерге баруға шектеу қойылған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың басшысы Бауыржан Есенеев қала әкімінің қатысуымен өткен аппараттық жиында мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату құқығы жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар шақырылатынын еске салды.
Петропавлда 8 711 азамат әскери есепте тұрса, оның 518-і ғана биылғы күзде әскерге шақырылады, ал 8 193 адам түрлі себептермен әскерге шақыруға жатпайды. 4 469 адамды оқуын жалғастыру үшін әскерге шақыру кейінге қалдырылды. Ал 500-ден астам азамат әскерге шақыру комиссиясына келмей жатыр және қазір оларды іздестіру жүріп жатыр.
Әскерге шақырылғандардың нақты тұрғылықты жерін белгілеу әскерге шақыруды ұйымдастырудағы негізгі проблемалардың бірі болып табылады. Тағы бір қиындық – шақыру қағазын табыстау мүмкін емес азаматтарға қатысты заңды ықпал ету тетігінің жоқтығы.
"Мерзімді әскери қызметке шақыруға жататын 510 азамат тіркелген жерінде, сондай-ақ жеке ісінде көрсеткен мекен-жайында тұрмайды. ҚР ҰҚК шекара қызметі департаментінің мәліметі бойынша, әскерге шақырылған 180-нен астам азамат Қазақстаннан кеткен", - деді Бауыржан Есенеев.
Сонымен қатар, моральдық-іскерлік қасиеттері төмен азаматтарды әскери жасақтарды іріктеу және сүйемелдеу үшін келген әскери бөлімдердің өкілдері өз командаларына алмайды. Сондай-ақ, моральдық-психологиялық қасиеттеріне, оның ішінде суицидке бейімділігі мен депрессиялық мінез-құлқына байланысты мерзімді әскери қызметшілердің кейбірі әскери қызметтен өтуге ұсынылмайды.
"Мысалы, 17 қазанда қалалық шақыру комиссиясынан өткен 212 адамның 12-сі ғана әскери қызметке жарамды. Қалғандарында шектеу бар. Оларды әскери бөлімдер таңдамай бермейлі. Көбінде көру қабілеті нашар, асқазан, сүйек-бұлшықет жүйесінің аурулары бар, әрбір үшінші адамда сколиоз анықталды", - деді Есенеев.
Қарулы күштерді, басқа да әскер мен әскери құралымды жинақтау үшін Солтүстік Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті жасақ (әскерге шақыру жоспарын) дайындады.
"Петропавл қаласы бойынша 2022 жылдың күзінде мерзімді әскери қызметке шақыруға арналған жоспар 188 адамды құрайды. 91 азамат іріктелді", - деді қалалық қорғаныс басқармасының басшысы.
Өз кезегінде қала әкімі Руслан Анбаев өскелең ұрпақтың физикалық дамуына көбірек көңіл бөлуге шақырды.
"Соңғы 20 жылда контингенттің физикалық тұрғыдан қалай әлсірегені байқалады. Балалар қазір гаджетте отыруға көбірек қызығушылық танытатынын түсінемін. Бұл заман тенденциясы екенін және одан арыла алмайтынымыз белгілі. Дегенмен, қорғаныс министрлігімен тығыз байланыста жұмыс істеп, жұмыстарды қарқынды ету керек. Өз басым қарулы күштер қатарында қызмет ету әрбір ер адамның қасиетті борышы әрі міндеті деп білемін", - деді Руслан Анбаев.
Жаңалықтар
0