Жүлде қоры 46 млн теңге: DALA DAUYSY республикалық конкурсы жарияланды

© Sputnik / Абзал КалиевДомбра, архивное фото
Домбра, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.10.2022
Жазылу
АСТАНА, 17 қазан – Sputnik. Мәдениет және спорт министрлігі дәстүрлі, классикалық, эстрадалық және театр өнері жанрларындағы шығармалар мен олардың авторларын қолдау мақсатында DALA DAUYSY республикалық конкурсын жариялады.
Жүлде қоры 46 млн теңгені құрайтын конкурс негізгі үлкен 5 номинация бойынша 16 сыйлықты қамтиды. Жаңа жобаның басталғаны туралы министр Дәурен Абаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, жаңа өнер туындылары авторларын қолдауға бағытталған DALA DAUYSY республикалық конкурсын жариялап отырмыз. Жаңа авторларды елге танытуға, тың туындылардың көпшілікке таралуына, патриоттық әндердің кеңінен насихатталуына серпін беретін конкурс шығармашылық иелерін бей-жай қалдырмайды деп сенеміз", - деп жазды Дәурен Абаев.
Жеңімпаздар "Үздік фольклорлық музыка", "Үздік классикалық музыка", "Үздік драматургиялық туынды", "Үздік музыкалық-театрлық жанр туындысы", "Республика әні" (Эстрада жанры), мәдениет және спорт министрлігінің 2 арнайы жүлдесі номинациялары бойынша 2022 жылғы желтоқсанда марапатталады.
Өтінімдер 15 қазан мен 15 қараша аралығында қабылданады.
Жаңалықтар
0