"Кения мен Танзания бізден жоғары тұр": депутат министрдің есебін сынға алды

© Sputnik / Константин Чалабов / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.10.2022
Жазылу
АСТАНА, 17 қазан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Альберт Рау республикалық жолдардың 90, ал жергілікті жолдардың 80 пайызы жақсы жағдайда екенін мәлімдеген индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевты сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Мәжілісте өткен үкімет сағатында автомобиль жолдарының жай-күйі қаралды. Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстандағы жолдардың жалпы ұзындығы – 96 мың шақырым. Оның ішінде 25 мың шақырым республикалық, 71 мың шақырым облыстық және аудандық маңызы бар жол пайдалануға берілген.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, екі жылдан кейін нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 100 процентке жетеді.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдымызға қойған басты мақсаттардың бірі – 2025 жылы республикалық желі бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесін 100 пайызға дейін жеткізу. Ал жергілікті жол желілері бойынша 95 пайызға дейін жеткізу. Бүгінгі күні республикалық желі бойынша нормативтік жағдайда 90 пайыз жол, жергілікті желі бойынша 80 пайыз жол бар", - деді Өскенбаев.
Ал депутат Альберт Рау министрдің есебімен келіскен жоқ. Оның сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде республикалық жолдардың жартысын жөндеу керек.
"Бүгінде республикалық маңызы бар жолдардың 12 мың шақырымын қайта салу қажет. Бұл – республикалық жолдардың 50 проценті. Біз болсақ, 90 процентке жақындап жатырмыз дейміз. Ал Бүкіләлемдік экономикалық форумның рейтингісіне сәйкес, Қазақстан 141 елдің ішінде 93-ші орынға орналасты. Кения мен Танзания бізден жоғары тұр", - деп атап өтті Рау.
Мәжілсмен екі жылдан кейін республикалық желі бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 100 пайызға жететініне күмәнмен қарайды. Себебі жол сапасы сын көтермейді. Мәселен, Жезқазған-Арқалық жолының кейбір учаскелерінде әлі грейдер жатыр. Ал Орталық-Астананың батысы – Қорғалжын-Торғай-Ырғыз жолы басталған да жоқ. Бірақ бюджеттен жобалау жұмыстарына үш миллиард теңге жұмсалып қойған.
Соңғы алты жылдың ішінде жол жөндеуге жалпы 800 миллиард теңге бөлінген. Биыл республикалық бюджеттен тағы 300 миллиард теңге жұмсалады. Жергілікті бюджеттерден де қыруар қаржы шығарылады.
"Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жергілікті жолдардың 80 проценті қанағаттанарлық жағдайда дейді. Алайда талдауға сәйкес, 18 мың шақырымы, яғни 26 процентіне ғана асфальт төселген. Қалған 74 процентінде қиыршық тас пен топырақ жатыр. Бірақ оны қалай статистикаға енгізген? Осы жағы түсініксіз. Негізі жол сапасын бағалау жүйесін қайта қарау қажет", - деп атап өтті Рау.
Оның айтуынша, қиыршық тас пен топырақ жатқан жолдарды "қанағаттанарлық" жолдардың санатына жатқызбаса, қазіргі жолдардың сапасына қатысты нақты мәлімет шығады.
Жаңалықтар
0