Ауыр жүк көліктерінің салмағын бақылау күшейтілуі мүмкін

© Sputnik / Владимир Корнев / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.10.2022
Жазылу
АЛМАТЫ, 17 қазан – Sputnik. Ұлттық жол активтерінің сапа орталығының мамандары жүк автомобильдерін мұқият бақылау қажеттігі туралы мәселені тағы да көтерді.
Шамадан тыс жүк тиеген фуралар қалааралық трассалардағы жолды бүлдіріп жатыр. Тіпті елорда да жүк көлігінің көлемі мен салмағын бақылау мүмкін емес, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.
Арнайы автоматтандырылған өлшеу жүйесі Астанадан шыққан кезде ғана орнатылған. Яғни, кіру кезінде кемшілікті ешкім тіркемейді. Ал "Қазавтожол" қаражат тапшы дегенді айтады.
Қазақстандағы әрбір жетінші жол апаты өліммен аяқталады. Қайғылы статистикаға жүргізушілердің жол ережелерін өрескел бұзуы ғана емес, сонымен қатар сапасыз жолдар да себеп. Апат тіпті жаңа асфальт төселген жерлерде де болып жатыр. Өйткені ауыр жүк көлігі өткен жолдар жаңа болса да қирап жатыр. Салмағы 10 тонналық жүк көліктері бес есе көп жүк тиеп алады.
"Біз ойықтың тереңдігін өлшейміз. Бұл жерде жеті сантиметрден асады. Ал жол қауіпсіздігіне тіпті үш сантиметрден терең ойықтар әсер етеді. Яғни, бұл жер апаттық учаске болып саналады. Астана – Қарағанды тасжолының бойында көптеген карьерлер орналасқан. Сол жерден жүк тасымалданады. Айналма жолдан қалаға кіргенге дейін осындай шұңқырлар көп", - дейді Ұлттық жол активтерінің сапа орталығының инженері Қуаныш Төлеуханов.
Мамандар мәселені әлі шеше алмай отыр. Өйткені көлік құралдарын қадағалау инспекциясында заң бойынша негіз жоқ дейді. Егер нақты негіз болмаса, қызметкер ауыр жүкті тоқтата алмайды. Артық салмақ себеп болуы мүмкін, бірақ ол үшін арнайы автоматтандырылған өлшеу жүйесі (sais) бекітілуі керек. Ал ондай құрылғы жоқ, демек айыппұл салуға негіз жоқ.
"Тоқтау үшін негіз болуы керек. Онсыз тоқтатуға құқығымыз жоқ. Бұл автомобиль көлігі туралы заңда нақты жазылған. Көліктік бақылау жасау үшін барлық жерде sais орнатылуы керек. Бізде бұл құрылғы жоқ. Басқа облыс тұрмақ, елорда маңында да жоқ", - дейді көліктік бақылау инспекциясы бөлімінің басшысы Талғат Мырзакәрімов.
Мамандар әзірге қажетті жабдықты сатып алуға қаражат жоқ екенін айтады. Бұл проблемадан шығу жолы тек қираған жолды қайта-қайта жөндеу ғана. Бұның өзіне жыл сайын миллиондар жұмсалады.
Жаңалықтар
0