Орталық сайлау комиссиясы президенттікке ұсынылған үш кандидатты тіркеуден бас тартты

© Sputnik / Абзал КалиевОСК ғимараты
ОСК ғимараты - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.10.2022
Жазылу
АСТАНА, 13 қазан – Sputnik. Бүгін орталық сайлау комиссиясы президенттікке ұсынылған үш бірдей кандидатты тіркеуден бас тартты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан комиссияның ресми сайтына сілтеме жасап.
Комиссияның қаулысына сәйкес, "Асар" бірлестігінен Хайролла Ғабжәлілов, "Тәжірибелік психология" республикалық қоғамдық бірлестігінен Фатима Бизакова және Қазақстан құрылысшылары одағынан ұсынылған Талғат Ерғалиевтің кандидатурасы конституциялық талаптарға сай келмейді.
Комисия осы шешімнің себебін де түсіндірді. "Хайролла Мағауияұлы Ғабжалілов тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайды, Қазақстанда соңғы 24 жыл тұрады. Оған қоса, мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс өтілі жоқ", - делінген ресми хабарламада.
Фатима Бизакованың мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі жоқ болып шықты. Ал Талғат Ерғалиевтың мемлекеттік қызметте және сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда жұмыс тәжірибесі 3 жыл 4 айды құрайды. Бірақ талап бойынша осы мерзім 5 жылдан кем болмауы керек.
Конституция және "Сайлау туралы" конституциялық заң бойынша президенттікке үміткер бірнеше талапқа сай болуы қажет. Олар:
тумысынан Қазақстан азаматтығы болуы;
Қазақстан аумағында соңғы 15 жыл бойы тұруы;
жоғары білімінің болуы;
жасы 40-қа толған болуы;
белсенді сайлау құқығының болуы;
мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы;
мемлекеттік тілді еркін меңгеруі.
Айта кетері, осы уақытқа дейін 6 кандидат талапқа сай деп танылды. Олар: Мейрам Қажыкен ("Аманат" кәсіподақтар бірлестігі), Қасым-Жомарт Тоқаев (Халықтық коалиция), Жигули Дайрабаев ("Ауыл" партиясы), Нұрлан Әуесбаев (ЖСДП), Қарақат Әбден (Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы) және Салтанат Тұрсынбекова (Қазақ аналары — дәстүрге жол" қоғамдық бірлестігі). Қасым-Жомарт Тоқаев кандидаттың куәлігін алып үлгерді.
Жаңалықтар
0