сайлау - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.10.2022
Президент сайлауы - 2022
Қазақстанда 20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтеді.

Психолог пен футболшы бар – президент сайлауына 12 кандидат ұсынылды

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.10.2022
Жазылу
АСТАНА, 11 қазан – Sputnik. Бүгін сағат 18:00-де президенттікке кандидат ұсыну кезеңі аяқталды. Осы уақытқа дейін 12 үміткер орталық сайлау комиссиясына құжат тапсырды. Олардың ішінде саясаткерлер ғана емес, агроном, құрылысшы, тіпті, психолог пен футболшы да бар. Бесеуі бірінші кезеңнен өтті. Алайда оларға әлі де бірнеше талапты орындау қажет. Сонда ғана президенттікке кадидат ретінде ресми түрде тіркеліп, аты-жөні дауыс беру бюллетеніне жазылады.

Коалицияның кандидаты

Қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасы халықтық коалицияның атынан ұсынылып отыр. Бұған дейін ол билік партиясының төрағалығын тапсырып, саяси ұйымның құрамынан шығып кеткен болатын. Дегенмен Amanat (бұрынғы "Нұр Отан") тағы Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Сол күні Қазақстан халық партиясы мен Ақжол да осы бастамаға қосылды. Ал кешке қарай үшеуі де республикалық бірлестіктермен бірігіп, халықтық коалицияның құрылғанын мәлімдеді. Тоқаевтың өзі бір күн бұрын "реформалардың негізін құрайтын саяси-қоғамдық күштердің коалициясы атынан сайлауға қатысқаным дұрыс" деп айтқан еді. Содан ертесінде оны ұсынған барлық саяси-қоғамдық күштер бірлескен форум өткізіп, Тоқаевтан коалицияның атынан сайлауға қатысуды сұрады. Мемлекет басшысы келісті.
Сол форумда Тоқаев жақын арада сайлауалды платформасын жариялайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, осы құжатта елді жан-жақты трансформациялау мен халықтың әл-ауқатын көтеру бойынша шаралар қамтылады.
7 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсыну туралы құжаттар орталық сайлау комиссиясына тапсырылды. Ал ертесінде комиссия оның барлық талапқа сай келетінін мәлімдеді. Заң бойынша кандидат ретінде ұсынылған президентке қазақ тілінен емтихан тапсырудың қажеті жоқ.
Тоқаев осымен екінші рет президенттік сайлауға қатысады. 2019 жылы ол барлық дауыстың 70,96 процентін (6 539 715 адам) жинаған.

"Аманат" та өз үміткерін шығарды

Amanat партиясы Тоқаевты қолдаса, "Аманат" деген кәсіподақтар бірлестігі басқа кандидат – Мейрам Қажыкенді ұсынды. Ол Тоқаевпен бір күнде барлық талапқа сай деп танылды. Орталық сайлау комиссиясы тиісті қаулысын да шығарды.
Мейрам Қажыкен – Павлодар облысының тумасы. Жасы – 61-де. Біраз уақыт мемлекеттік қызметте еңбек етті. Павлодар облыстық экономика департаментін басқарды. Үкімет басшысының кеңесшісі болды. Ғылыми дәрежесі - экономика ғылымдарының докторы. Қазіргі қоғамдық зерттеулер институтының директоры, Yntymaq партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі.
"Аманаттың" кандидаты сайлауда жеңіске жететініне сенімді. "Мен жолдан таймаймын, ешқандай келісімге бармаймын. Тек қана алға! Өйткені маған, ең алдымен, кәсіподақ мүшелері үміт артып отыр", - дейді Қажыкен.

Жигули емес, Жегулі

Орталық сайлау комиссиясы барлық талапқа сай деп таныған тағы бір кандидат – Жигули Дайрабаев. Оны "Ауыл" партиясы ұсынып отыр.
67 жастағы Жигули Молдахалықұлы Жамбыл облысының Жалпақсаз ауылында дүниеге келген. Әскерден кейін бір жылдай қойшының көмекшісі, одан кейін колхозда жүргізуші болып жұмыс істеген.
Артынан партиялық қызметпен айналысты. Комсомол комитетінің хатшысы, кәсіподақ төрағасы болды. Колхоз бен совхозды басқарды. Бизнеспен айналысты. Ал 2019 жылдан бастап Қазақстан фермерлері одағына жетекшілік етеді. Биыл маусым айында "Атамекен" ҰКП агроөнеркәсіп комитетінің төрағалығына тағайындалды.
Алайда халық кандидаттың өткен еңбек жолына емес, атына қызықты. Әлеуметтік желіде сан алуан мемдер тарай бастады. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген Жигули Дайрабаев өз есімінің тарихын айтып берді.

16 жылда алғаш рет сайлауға қатысады

Биыл Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының кандидаты алғаш рет президент сайлауына қатысуға бел буды. 65 жастағы Нұрлан Әуесбаев қазақ тілінен емтиханды сәтті тапсырып шықты. Орталық сайлау комиссиясы оның барлық талапқа сай келетінін хабарлады.
Нұрлан Сатыбалдыұлы Түркістан облысында дүниеге келген. Партияның астаналық филиалын басқарады. Жоғары білімі бар, Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін тәмамдаған. Ұзақ жылдар бойы әкімдіктерде түрлі лауазымдарды атқарды.
Айта кетері, 2019 жылғы президент сайлауында ЖСДП-ның саяси бюросы DAT газетінің редакторы Ермұрат Бәпиді кандидат ретінде шығаруды ұсынды. Алайда Бәпидің өзі сайлауға қатысудан бас тартты. Артынан оны партия қатарынан шығарып тастады. Ал партия сайлауға байкот жариялады.

Әлтаев "Мұқалмастан" келді

7 қазанда орталық сайлау комиссиясына тіркелмеген "Ел Тiрегi" партиясының жетекшісі Нұржан Әлтаевтың құжаттары түсті. Бірақ оны "Мұқалмас" республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынып отыр. Сол кезде комиссия бірлестіктің бірқатар филиалы атынан жалған құжат дайындау туралы ақпарат түскенін хабарлады. Құзыретті органдар тексеріс жүргізеді делінген.
Бүгін орталық сайлау комиссиясының сайтында Әлтаевтың лингвистикалық комиссиядан сәтті өткені туралы ақпарат жариялады. Алайда барлық талапқа сай келеді деген қаулы әлі шыққан жоқ.
43 жастағы Нұржан Әлтаев Шардарада дүниеге келген. "Атамекен" ҰКП-да жұмыс істеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, ауыл шаруашылығы вице-министрі болды. Мәжіліс депутаты болып сайланды. Алайда "Нұр Отан" қатарынан шығып кеткені үшін мандатынан айырылды.
Әлтаев өз жақтастарымен бірге бірнеше рет митингіге шықты. Оның айтуынша, "Ел Тiрегi" партиясын тіркеу туралы өтінішін 16 рет кері қайтарған.

Қарақат та сайлауға қатысады

Бүгін орталық сайлау комиссиясы кандидат әйелді барлық талапқа сай деп тану туралы қаулы қабылдады. Ол – Қарақат Әбден. Оны кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы ұсынды.
48 жастағы кандидат Ақмола облысында дүниеге келген. Мемлекеттік лауазымдарда қызмет етті. Соның ішінде салық комитетінің орталық аппаратында, президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясында 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеді.
Қарақат Әбден – қоғам қайраткері, әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Астана әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі. 4 баланың анасы балалар үйі мен нәрестелер үйінің қамқоршылық кеңесіне де кіреді. 15 тәлімгердің менторы.

Екінші рет құжат тапсырды

10 қазанда орталық сайлау комиссиясына екі кандидат құжат тапсырды. "Халық демографиясы" қоғамдық бірлестігі тағы Жұматай Әлиевты ұсынса, Қазақстан құрылысшылары одағы Талғат Ерғалиевтің кандидатурасын шығарды. Екеуі де 2019 жылғы сайлауға ұсынылған болатын. Алайда Жұматай Әлиев қазақ тілінен емтихан тапсыра алмады. Ал Талғат Ерғалиев өз өтінішін кері қайтарып, "Ақ жолдың" кандидатын қолдаған. Осы жолы олай істемеймін дейді.
56 жастағы Талғат Ерғалиев Ақмола облысында туған. 2012-2016 жылдары парламент депутаты болды. Құрылыс саласында көптен бері еңбек етіп келеді. Ал Жұматай Әлиев биыл 70-ке келді. Ол Ерғалиевпен бір уақытта мәжіліс депутаты болған. Бірақ Қазақстан халқы ассамблеясының атынан сайланды. Жамбыл облысының тумасы Орталық Азия университетін басқарады.
Әлиев пен Ерғалиев әлі бірінші кезеңнен өткен жоқ. Мемлекеттік тілден емтихан тапсыруы керек.

Президенттікке тағы бір кандидат әйел ұсынылды

Бүгін "Қазақ аналары — дәстүрге жол" қоғамдық бірлестігі президент сайлауына Салтанат Тұрсынбекованың кандидатурасын ұсынды. Оның құжаттары орталық сайлау комиссиясына тапсырылды.
Заңгер Салтанат Тұрсынбекова отбасындағы зорлық-зомбылық мәселелерімен айналысады. Астана қаласының қоғамдық кеңесіне кіреді. Бұдан бөлек, президент жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат ұлттық комиссияның мүшесі. Бас прокурордың маңызды істер жөніндегі аға көмекшісі болған. "Отбасыдағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" жобасына жетекішілік етті.
Ол да әлі бірінші кезеңнен өту керек.

"Асар" теңге авторын ұсынды

Оралмандардың "Асар" бірлестігі президенттік сайлауға Хайролла Ғабжәліловты ұсынды.
72 жастағы кандидат Қарақалпақстанда дүниеге келген. 1980 жылы Алматы қаласына келіп, архитектор болып жұмыс істеді. Оның жобасымен ғимараттар мен тұрғын үйлер салынды. Ғабжәлілов ұлттық валюта – теңгенің үлгі-жобасын жасау жұмыстарына атсалысты. 1999 жылы Алматы құрылыс материалдары зауытының бас директоры болып тағайындалды.
"Асардың" кандидаты орталық сайлау комиссиясының барлық талапқа сай деген шешімін алған жоқ. Оған алдымен бірінші кезеңнен өту керек.

Психолог пен футболшы президенттікке таласпақшы

Президенттікке кандидаттарды ұсынудың соңғы күні орталық сайлау комиссиясына тағы екі үміткердің құжаты түсті. "Қазақстанның футбол әуесқойлары лигасы" қоғамдық бірлестігі Бақыт Жанабаевтың кандидатурасын ұсынса, "Тәжірибелік психология" республикалық қоғамдық бірлестігі Фатима Бизакованы бәйгеге қосатынын мәлімдеді.
Осылайша, биылғы президент сайлауына 12 кандидат ұсынылды. Бесеуі бірінші кезеңнен өтті. Енді оларға сайлаушылардың кем дегенде 1 процент дауысын жинау керек. Бүгінде сайлаушылардың тізіміне 11 827 277 адам кіреді. Демек әрбір кандидат 118 мыңнан кем болмайтын дауыс жинауы керек.
Сосын республиканың басым бөлігінде тең дауыс берілуі шарт. Осыдан кейін ғана орталық сайлау комиссиясы кандидатты ресми түрде тіркейді. Оған арнайы куәлік беріледі. Сосын үгіт-насихатқа кіріседі. Ал президент сайлауы 20 қарашада өтеді.
Жаңалықтар
0