Прокурор экс-министр Біртановты алты жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

© Sputnik / Владислав ВодневЭкс-денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевтің ісі бойынша сот процесі
Экс-денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевтің ісі бойынша сот процесі - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.10.2022
Жазылу
АСТАНА, 11 қазан – Sputnik. Прокурор Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сот талқылауы барысында прокурор Бауыржан Шекенов экс-министрді үйқамақтан жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге ауыстыруды ұсынды.
"Біртановты Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігі 3-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, мемлекеттік қызметке орналасу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыруды ұсынамын", - деді прокурор.
Сондай-ақ прокурор Біртановқа қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қамауда ұстауға өзгерту қажеттігін мәлімдеді. Жазаны өтеу мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі.
Қадағалау органының өкілі Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевтен 1 миллиард 548 миллион 136 мың 575 теңгені тең үлеспен өндіруді, ал Біртановтан санитарлық авиацияны пайдаланғаны үшін жұмсалған 5 миллион 503 мың 721 теңгені өндіруді ұсынды.
Сонымен қатар Бауыржан Шекенов Біртановты "Құрмет" мемлекеттік марапатынан айыруды ұсынды.
Еске сала кетейік, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевке медициналық мекемелердің қызметін автоматтандыру және оларды басқаруға арналған ақпараттық жүйені әзірлеу кезінде лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылды. Платформа азаматтарды емдеу мекемелеріне тіркеу, дәрігерді үйге шақыру, дәрігердің қабылдауына жазылу, сондай-ақ тұрғындарға медициналық анықтамалар беру қызметтерін автоматтандыруы тиіс болатын.
Жаңалықтар
0