"Бір-ақ рет жүреді": Қарасай ауданы тұрғындарын қоғамдық көлік мәселесі қажытқан

© SputnikҚарасай ауданы, Алматы облысы
Қарасай ауданы, Алматы облысы - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.10.2022
Жазылу
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ, 9 қазан – Sputnik. Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты бірнеше ауылдың тұрғындары талай жылдан бері қоғамдық көлік мәселесіне шағымданып келеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Халық қоғамдық көлік проблемасын айтып, жергілікті биліктің есігін талай тоздырған. Бірақ одан қайыр жоқ.
"Халықтың басым көпшілігі қалаға барып жұмыс істейді. Таң құзғыннан тұрамыз көлікті тосып. Оның өзі бір сағатта бір-ақ рет жүреді", - дейді Көлді ауылының тұрғыны Назым Сәрпекова.
Қарасай ауданының Көлді, Мерей, Ұлан, Нұрбағы, Таң ауылдарына №8 шағын автобус қана жүреді.
"Оған сыймаймыз. Кіп-кішкентай, ескі. Не есігі дұрыс жабылмайды, не терезелері дұрыс жабылмайды. Тіпті кейбір маршрутканың келе жатып рөлі жұлынып қалғанын да көрдік", - дейді Таң ауылының тұрғыны Жәмила Ақбаева.
Тұрғындар қоғамдық көліктің жоқтығынан жұмыстан үйге қайта алмай қалатынын айтады. Такси бағасы тым шарықтап тұр. Ал жергілікті билік былай дейді:
"Қоғамдық көлік расымен проблема. Барлық жағдайды білеміз. Жақында Қонаев қаласынан Алматы облысы жолаушылар тасымалы басқармасының басшысы келді. Тұрғындармен кездесті. Қараша айының соңына дейін мәселені шешеміз деді. 8-ші маршрутка сияқты емес, үлкен автобус береміз деді", - деді Sputnik Қазақстан тілшісіне Қарасай ауданы Ұмтыл ауыл округінің әкімі Серік Қалижанұлы.
© SputnikКөлді ауылы, Қарасай ауданы
Қарасай ауданы, Алматы облысы - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.10.2022
Көлді ауылы, Қарасай ауданы
Қарасай ауданына қарасты Әйтей ауылында да осындай проблема.
"Менің жасым 85-те. Бар пенсиямды таксиге төлеймін. Автобус жоқ. Ауылдан шығып қалаға бару үшін таксиге отырамын. Сосын анау қалың машина зулап жатқан жолды әрең өтіп, тағы таксиге отырамын", - дейді Әйтей ауылының тұрғыны Күлжәмила Безбаева.
Қоғамдық көлік мәселесі - Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты барлық ауылдың проблемасы. Ал аудан әкімдігінің мамандары аталған мәселеге қатысты жауап бермеді.
Жаңалықтар
0