"Қаржы академиясына" түскен павлодарлық 19 млн теңгеден айырылды

© Photo : Pixabay / TeroVesalainenСмартфон
Смартфон  - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.10.2022
Жазылу
АСТАНА, 7 қазан – Sputnik. Павлодар тұрғыны интернет алаяқтарының құрығына түсіп, 19 милллион теңгеден қағылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде "Қаржы академиясының" аккаунты пайда болды. Оны Павлодар қаласының тұрғыны көріп қалған. Жарнамада криптовалютамен ақша тапқысы келетін адамдар оқуға қабылданатыны туралы айтылған. Ер адам соған қызығып, хабарландыруда өзінің байланыс деректерін қалдырады. Біршама уақыттан кейін белгісіз біреулер оған Telegram арқылы хат жолдаған.
"Оператор оқуға уақыт жұмсамай-ақ, үлкен табыс әкелетін бағдарламаға қатысуды ұсынған. Ол үшін "Binance"-та электронды әмиян ашып, сол жерде шотты толтыру қажеттігін айтқан. Ер адам бірден 5 500 доллар салып жіберген. Одан кейін оператор қыздың кеңесіне сүйеніп, ол ақшаны "Metamask" бағдарламасына аударған. Артынан кураторлар оның шотын 38 939 долларға дейін ұлғайтқан", - дейді полицейлер.
Алайда ақшаны алуға рұқсат берілмеген. Оператор қыз барлық депозитті аудару үшін қосымша төлем жасау қажеттігін айтқан. Осылайша, "депозит" иесі тағы 5 500 долларды аударып береді. Оператор болса, шот ашылғанға дейін және көбейген қаражатты шешіп алуға қолжетімді сома болғанша тағы ақша салу қажет деп сендірген. Павлодарлық операцияны 6 рет жасаған. Осыдан кейін куратор ақша жеткілікті екенін және жақын арада оған 78 000 доллар аударылатынын айтады. Бірақ ер адамға ешқандай ақша түспеген.
"Біраз уақыттан кейін оған басқа елдің белгісіз нөмірінен қайта қоңырау шалынды. Арғы жағынан 2500 доллар салық төлеу керек екенін айтқан. Ер адам өскен соманы аламын деп, "салықты" да төлеп жібереді. Алайда оның шотқа салған барлық ақшасы бірден жойылады. Содан кейін ғана Павлодар тұрғыны алаяқтардың тұзағына түскенін түсініп, полициядан көмек сұраған", - деп атап өтті тәртіп сақшылары.
Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары қаскөйлердің жеке басын және орналасқан жерін анықтау шараларын қабылдап жатыр. Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша тергеу шаралары басталды.
Жаңалықтар
0