Павлодарда экс-шенеунік пара алғаны үшін сотталды

© Sputnik / Владислав ВодневПортфель, архивтегі фото
Портфель, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.10.2022
Жазылу
Бұрынғы салықшының айтуынша, ол ақша қызын емдеу үшін қажет болған
ПАВЛОДАР, 6 қазан – Sputnik. Павлодар қаласының №2 қылмыстық істер жөніндегі соты Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті ҚҚС әкімшілендіру басқармасының бұрынғы басшысы мен оның қарамағындағы екі қызметкерге қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Осы жылдың наурыз айының соңында 57 жастағы басқарма басшысы "Қосақ" автомобиль өткізу пунктіне бекітілген қарамағындағы қызметкерлерінен – 45 жастағы жетекші маман мен 36 жастағы бас маманнан пара алу арқылы баюды ойлаған. Оларға айына 100 000 теңгеден беруді ұсынған. Оның орнына жұмыста қамқорлық жасап, өзінің құзыретіне кіретін мәселелерді оңтайлы шешуге уәде еткен. Қол астындағылар келісіп, бір айдың ішінде 200 000 теңге берген.
Басты сот отырысында экс-басшы өз кінәсін толық мойындап, үлкен қызының еміне тұрақты түрде қымбат дәрі сатып алу қажет болғанын айтты. Ол соттан өзіне айыппұл салу түрінде жаза белгілеуді сұрады.
Оның қарамағындағы екі қызметкер де кінәсін мойындады. Сот осы жайтты, сондай-ақ жағдайды жеңілдететін басқа да мән-жайларды – мамандардың бірінің асырауында екі кәмелетке толмаған және екі кішкентай баласының, ал екіншісінде екі жас баласының, қарт анасы мен жүкті әйелінің болуын ескерді. Осыған байланысты ол барлық айыпталушыны бостандықта қалдыруға шешім қабылдады.
Басқарманың экс-басшысына алынған параның 30 еселенген сомасы – 6 миллион теңге айыппұл салынды. Ал оның бұрынғы екі қызметкерінің әрқайсысы 5 миллион теңгеден айыппұл төлейді. Олардың барлығына мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды.
Жаңалықтар
0