Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмысы өндіріске әсер етпейді

© Photo : АО "КазМунайГаз - переработка и маркетинг"Шымкентский нефтеперерабатывающий завод
Шымкентский нефтеперерабатывающий завод - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.10.2022
Жазылу
АСТАНА, 5 қазан – Sputnik. Атырау мұнай өңдеу зауытында өндірісті тоқтатпай, кәсіпорынды кезең-кезеңімен жөндеу жұмысы қолға алынды. 1 қазаннан бастап зауыт жоспарлы жөндеуге тұруы керек болатын. Алайда енді жөндеу жұмыстары өндіріске әсер етпейді, деп хабарлайды Хабар 24.
Естеріңізге сала кетсек, тамыз айында Павлодар мұнай-химия зауыты жөндеуге тұрып, елде жанар-жағармай тапшылығы күшейген еді. Осыған орай Үкімет Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмысын кейінге қалдырған болатын. Қазір жөндеу жұмыстары басталды, бірақ кәсіпорында мұнай өңдеу 50-70 %-ке тең қуаттылықпен жалғасады.
Өндірісті тоқтатпай, технологиялық қондырғыларды кезегімен жөндеуге қою зауыт тарихында тұңғыш рет қолға алынып отыр. Мұнай өңдеуге арналған екі қондырғылар тізбегі дербес жұмыс істейтіндіктен, зауыттың қалыпты жұмысына әсер етпейді.
"Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС бас директоры Мұрат Досмұратовтың айтуынша, зауытта екі өндірістік желі болғандықтан, бірінші желіні жөндеу жұмыстары қазанның 1-і мен 15-і аралығында жүргізіледі. Екінші желі 25 қазан мен 17 қараша аралығында жөнделеді. Мұндай мүмкіндік кәсіпорын толықтай қайта жарақтандырудан өткен соң пайда болды. Келешекте зауыт мұнай өңдейтін екі жүйені жыл сайын жөндеуге қояды. Сонда жөндеу жұмыстарының мерзімі қысқарады, өнім көлемі кемімей, кәсіпорын қалыпты жұмысын тоқтатпайды. Ол ішкі нарықтағы жанар-жағар май тапшылығын болдырмауға оң ықпал етеді, дейді мамандар.
Жаңалықтар
0