Денсаулық

Көпбалалы отбасынан шыққан жасөспірімге "Қазақстан халқына" қорынан экзоскелет берілді

© PhotoЭкзоскелет алған жасөспірім
Экзоскелет алған жасөспірім - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.10.2022
Жазылу
АСТАНА, 1 қазан – Sputnik. "Қазақстан халқына" қорының "Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды экзоскелеттермен қамтамасыз ету" бағдарламасы аясында алғашқы экзоскелет 16 жастағы Асылжан Сайлауға берілді. Ерекше жасөспірім отбасымен бірге елордада тұрады.
Қоғамдық қордың ақпаратынша, бір экзоскелеттің құны - 9 млн теңге.
Асылжан – Омарбековтер отбасындағы бес баланың үлкені. Анасы Меруерттің айтуынша, қызы Тараз қаласында мерзімінен бұрын дүниеге келген. Сәби бір жасқа толғанда дәрігерлер церебральды сал ауруы диагнозын қойған.

"Мен бағдарламашымын, ал жұбайым – заңгер. Алайда Асылжанды емдеумен айналысқандықтан, мамандығым бойынша жұмыс істей алмадым. Жылына екі рет стационарлық ем, массаж, жаттығу терапиясы, инемен емдеу алдық. Тегін оңалту кезегі кейде өте ұзаққа созылғанда көрсетілетін қызметтерді төлеуге тура келетін", - дейді Меруерт Омарбекова.

2010 жылы Омарбековтер көпбалалы және мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасы ретінде баспана кезегіне тұрған. 2019 жылы оларға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй берілді.
Меруерттің айтуынша, ол екі жыл бұрын "CyberFund" қайырымдылық қоры туралы естіген. Қор халықтың жинаған қаражаты есебінен жоғары технологиялық оңалту құралдарын сатып алуға көмектеседі. Ол кезде қорға аппараттар алу өтінішімен кезек көп болды. Асылжанның отбасы үмітін жоғалтпады. Биыл "CyberFund" қайырымдылық қорының директоры Гүлзат Мырзағұлова қуанышты хабар жеткізді.
"Қазақстан халқына" қоры мен "CyberFund"-пен балаларды экзоскелеттермен қамтамасыз ету туралы шарт жасасты. Құрылғы кезегімен 13 балаға берілетін тізімде Асылжан да бар.
"Бұл Асылжан үшін өте маңызды, себебі ол колледжде интерьер дизайнері мамандығы бойынша оқып жатыр. Өздігінен жүре алмайды. Жақында 17 жасқа толады, ал мемлекет есебінен оңалу тек 15 жасқа дейін қарастырылған. Экзоскелет оған күнделікті үйде бұлшық еттерді, жамбас сүйектерін дамытуға мүмкіндік береді, кейіпті сақтауға және дұрыс жүруге үйретеді", – дейді анасы.
Бір айдан кейін Асылжан 17 жасқа толады. Жасөспірімнің айтуынша, "экзоскелет – туған күніне жасалған ең маңызды тосынсый".
Бес күн бойы Балаларды оңалту ұлттық орталығының базасында Асылжан дәрігерлермен және "Mbionics" отандық өндіруші компанияның мамандарымен бірлесіп экзоскелетті сынақтан өткізді. Дәрігерлер аппараттың параметрлерге сәйкестігін, функционалдығы мен пациентке ыңғайлылығын бақылап, бағалады. Өйткені БОҰО жанындағы дисциплинаралық топтың мақұлдауынан кейін ғана Асылжанға экзоскелет беруге рұқсат етілді.
Дәрігерлердің пікірінше, экзоскелеттер тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арналған заманауи, жоғары технологиялық оңалту құралдарының бірі, сондай-ақ аурудың негізгі диагнозы аясында басқа асқынуларды болдырмауға көмектеседі.
Экзоскелеттермен қамтамасыз ету жөніндегі қайырымдылық бағдарламасы аясында 13 балаға 117 млн теңге көлемінде құрылғы сатып алынады. Экзоскелеттің қызмет ету мерзімі – 5 жыл.
Қазан айының соңына дейін тағы 3 балаға арналған құрылғыны сынақтан өткізу жоспарланып отыр.
Жаңалықтар
0