"Солтүстік ағындағы" апат: Еуропадағы дағдарыс күшейе түседі

© PhotoМесто уточки на газопроводе Северный поток
Место уточки на газопроводе Северный поток - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.09.2022
Жазылу
"Солтүстік ағында" бұрын-соңды болмаған төтенше жағдайдың себебін анықтау жұмыстары басталды. Әзірше, экономикалық залалдың толық көлемі белгісіз. Жөндеу жұмыстары кімнің есебінен жүргізілетіні де беймәлім. Алайда қазірдің өзінде Еуропада өндірістер тоқтап, газдың бағасы шарықтап кетуі әбден мүмкін. Еуропалық одақ газ құбырларынан біржола айырыламыз деп қауіптенеді. Апаттың салдары ауқымды болып тұр, деп жазды РИА Новости.
"Солтүстік ағын-1" мен "Солтүстік ағын-2" газ құбырларының үш бірдей желісінде апаттық жағдай болды, шикізат сыртқа қарай ағылды. Бүгінде барлық желі 110 миллиард текше метр газды өткізе алады. Ал Еуропада көгілдір отынның бағасы мың текше метрі үшін 2000 доллардан асып отыр. Апат болғанға дейін екі газ құбырын пайдаланған жоқ. Алайда ішінде жүздеген миллион текше метр технологиялық газ болған.
Ұлттық энергетикалық қордың сарапшылары әрбір желіде, шамамен, 100 миллион текше метр болуы мүмкін деп отыр. Олай болса, қазіргі бағамен залалдың жалпы көлемі 500-600 миллион долларды құрайды. Оған қоса, қоршаған ортаға келген зиян үшін айыппұлдың көлемі де аз болмайды.
Басқа мәліметтер бойынша әрбір желіде 150-360 миллион текше метр газ болған. Онда шығынның көлемі 450-1080 миллион долларға бағаланады.
TeleTrade ақпараттық талдау орталығының бас экономист маманы Марк Гойхманның айтуынша, барлығы газ құбырында болған қысымға байланысты.
"Газдың бәрі ағып кетті ме, жоқ, әлде техникалық тұрғыда бір бөлігін тоқтауға мүмкіндік болды ма, ол жағы әзірше белгісіз. Дегенмен, ағып кеткен газдың нарықтық бағасы 0,9-2,1 миллиард долларды құрауы мүмкін", - дейді Гойхман.
Алайда инфрақұрылымды қалпына келтіруге кететін шығындардың нақты көлемін айту қиын. Негізгі сұрақтың жауабы да беймәлім. Шығынды кім өтейді? Келісімшарттарға сәйкес, жөндеу жұмыстарын "Солтүстік ағындардың" операторлары, яғни, "Газпромның" еншілес компаниялары жасауға міндетті. Олар өз кезегінде газ құбырларын жөндей алатын мамандарды жалдайды.
"Бірақ жөндеу жұмыстары үшін кім төлейді? Негізі, кім кінәлі, сол төлейді. Бірақ оларды қалай жауапқа тартады? Осы жағы түсініксіз. Бәлкім, Стокгольм арбитражы немесе басқа бір халықаралық сот инстанциясы айналысады", — дейді тәуелсіз сарапшы Леонид Хазанов.
"Солтүстік ағын-1" мен "Солтүстік ағын-2" газ құбырларын шетелдік компанияларда сақтандырып қойған. Бірақ сақтандыру шарттары белгісіз. Энергетика саласындағы тәуелсіз сарапшы Дмитрий Адамидовтың айтуынша, егер газ құбырларында болған жағдай сақтандыру оқиғасы деп танылса, ақшасын сақтандырушы компания төлейді. Ол үшін сот шешімі керек болады.
"Алайда мәселе ақшада ғана емес. Еуропада өнеркәсіп пен логистика жағынан біраз проблема бар, өзара санкциялар да қиындық туғызып отыр. Сондықтан газ құбыры мен агрегаттарды қалпына келтіру тапсырысын жасау оңай болмайды. Теңіз құбырларын жөндейтін компаниялар да көп емес", - деп атап көрсетті Адамидов.
Ал Tagesspiegel газеті үкіметтегі ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, билікте "Солтүстік ағын-1" мен "Солтүстік ағын-2" толығымен жарамсыз қалады деген алаңдаушылықтың бар екенін хабарлады. Себебі желілерді жақын арада жөндемесе, ішіне тұзды су жиналып, коррозия басталады.
Ашығын айту керек, жөндеу жұмыстары жақын арада басталмайды. Алдымен апат болған жерлерді зерттейді. Оған бірнеше апта кетеді. Ал жөндеу жұмыстары одан да көп уақытқа созылады.
Қазіргі кезде Еуропаға газ тек екі жолмен - Украина (шамамен, тәулігіне 42 миллион текше метр) мен "Түрік ағыны" арқылы ғана жеткізіліп жатыр. "Солтүстік ағынның" арқасында бағаны түсіруге болатын еді. Енді, көгілдір отынның құны өсе береді, қыруар қаржы шығаруға немесе өндіріс орындарын жабуға тура келеді. Әсіресе, металлургия мен тыңайтқыштар шығаратын зауыттарға үлкен қауіп төніп тұр. Қазірдің өзінде азотты тыңайтқыштардың өндірісі 70 процентке тоқтап тұр.
Словакия қыркүйек айында Slovalco өндірісін тоқтатады. Ол компания құрлықтағы алюминийдің ірі тасымалдаушысы болып саналады. Нидерландтың Budel цинк зауыты да тура сондай мәлімдеме жасады. Румынияның Chimcomplex гиганты тоқтап қалған. Польшаның ANWIL кәсіпорны уақытша істемей тұр, ал Норвегияның Yara-сы өндірісті 35 процентке қысқартуға мәжбүр. Германияда SKW Stickstoffwerke Piesteritz филиалдарын таратып жатыр.
"Егер Ресейден келетін табиғи газдың экспорты тоқтап қалса, фосфор мен калий тыңайтқыштарын шығаратын кәсіпорындар жабылып қалады. Металлургия, автомобиль, тамақ және тағы басқа зауыттар, сондай-ақ, көгілдір отынды пайдаланатын электр станциялар да жабылады. Жолаушылар мен жүк пойыздарының қатынасы да қысқартылуы мүмкін", — дейді Леонид Хазанов.
Осылайша, Еуропада қыстың келуімен энергетикалық дағдарыс күшейе түседі. Ресей болса, табысынан айырылады.
Қазіргі кезде Мәскеу "Солтүстік ағындарда" болған апатты Брюссельмен бірге тергеуге дайын. Ал 30 қыркүйек, жұма күні газ құбырларына қарсы диверсияға байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтеді.
Жаңалықтар
0