Инсульт пен инфаркттан жастарымыз да көз жұмып жатыр – Тоқаев

© Photo : Рixabay/MyriamТонометр
Тонометр - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.09.2022
Жазылу
АСТАНА, 28 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда, инсульт пен инфаркттан 2 есе көп қайтыс болады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында айтты, деп хабарлады Ақорда.
Президент ауыл халқының 100 пайызын сапалы алғашқы медициналық көмекпен қамтамасыз етуді көздейтін "Ауылдық жердегі денсаулық сақтау саласын жаңғырту"атты жобаның әлеуметтік маңызы зор екенін атап өтті.
"Жобаның екінші компоненті – ауыр дертке шалдыққандарға және жарақат алғандарға сапалы көмек көрсету уақытын қысқартуға мүмкіндік беретін көпбейінді ауруханалардың құрылысына қатысты мәселе де маңызды. Науқасты жабдықталған ауруханаға неғұрлым тез жеткізсе, оның өмірін сақтап қалуға соғырлым мүмкіндік мол", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның пікірінше, бұл бастама қанайналым жүйесінің ауруы салдарынан адам шығынын азайтуға айрықша тиімді әсер етеді.
"Еліміздегі азаматтардың 35 пайызы осы аурудан көз жұмады. Қазақстанда ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда, инсульт пен инфаркттан 2 есе көп қайтыс болады. Тіпті, жастарымыз да көз жұмып жатыр. Соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған көпбейінді ауруханалар желісі – бұл ұлт саулығына қосылған зор үлес әрі тиімді шешім", – деп толықтырды президент.
Мемлекет басшысы онкологиялық аурулардың алдын алу және емдеу мәселелерін ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Жобаны таныстырған денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, ол барлық ауылдық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және заманауи көпбейінді орталық ауданаралық ауруханалар желісін ұйымдастыруға бағытталған. Әкімдіктермен бірлесіп 655 нысанның, оның ішінде 253 медпункт, 160 дәрігерлік амбулатория және 242 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы бойынша дайындық жұмыстары басталды.
Жобаны іске асыру медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, ауыл халқына жедел медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етуге, қан айналымы жүйесі аурулары салдарынан өлім-жітімді 20 пайызға төмендетуге, өмір сүру ұзақтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңалықтар
0