Ауылдар мен шағын қалаларда балалар робототехниканы меңгереді

© Photo : Пресс-служба фонда "Қазақстан халқына""Қазақстан халқына" қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев пен "Арман Holding" президенті Серікбай Бисекеев
Қазақстан халқына қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев пен Арман Holding президенті Серікбай Бисекеев - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.09.2022
Жазылу
АСТАНА, 28 қыркүйек – Sputnik. "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры мен "Арман" холдингі арасында "Болашақ инженерлер" қайырымдылық жобасы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Жобаның мақсаты – робототехниканы зерделеу үшін ауылдық жерлерде, шағын қалалар мен моноқалаларда балаларға жағдай жасау, инженерлік құзыреттер саласында қолжетімді сапалы білім беру ортасын қамтамасыз ету.
"Ауылдық жерлер мен моноқалаларда білім беруді дамытудың маңызы зор. Сондықтан балаларға робототехниканы, бағдарламалауды үйренуге және инженерлік дағдыларды дамытуға мүмкіндік беретін қажетті жобаны іске асырып жатырмыз", – деп атап өтті "Қазақстан халқына" қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев.
Жобаның 2022-2026 жылдарға арналған бюджеті 1 млрд 339 млн 668 мың теңге, оның ішінде: "Қазақстан халқына" қоры 673 млн 200 мың теңге, Инженерлік білім беруді дамыту қоры 464 млн 508 мың теңге бағыттаса, жергілікті атқарушы органдардың қаражатынан 201 млн 960 мың теңге бөлінеді.
Робототехника кабинеттері Қазақстанның барлық облысындағы ауылдарда, аудандар мен моноқалада жарақтандырылады. 1-6 сынып оқушылары бағдарламалау, құрастыру, мехатроника, электротехника және басқа да бағыттар бойынша білім алады.
"Арман Holding" президенті Серікбай Бисекеевтің айтуынша, халықаралық компания бүкіл әлемге арналған өнімдер мен жобаларды дайындауда. Болашақтың жаңа дағдылары барша азаматтарға, әсіресе шалғай ауылдар мен моноқалалардағы балалар үшін бейімделіп, ана тілімізде қолжетімді болады.
"Қазақстан халқына" қоғамдық қоры робототехника кабинеттерін конструктормен және бағдарламалық қамтамасыз етумен жабдықтайды. Инженерлік білім беруді дамыту қоры ұйымдастыру мәселелерімен айналысады, ал "Арман Инжиниринг" ЖШС білім беру саласына арналған робототехникалық шешімдердің отандық өндірушісі ретінде робототехника кабинеттерін жөндеу мен рәсімдеуді, жиһазбен және оқу-әдістемелік кешенмен жабдықтауды, оқытуды ұйымдастыру мен мектеп педагогтарын әдістемелік қолдауды қаржыландырады.
Жобаға еліміздің 187 мектебі, оның ішінде 160 аудандық және 27 моноқала мектебі қатысады. Сондай-ақ меморандум аясында тараптар "Болашақ инженерлер" жобасын дамытудың Жол картасы әзірледі. Жоба келесі оқу жылында іске қосылады деп жоспарлануда.
Жаңалықтар
0