Петропавл қазақтары неліктен ресейліктерге тегін пана бергенін айтты

© Sputnik / Елена БережнаяЖамбыл көшесіндегі саябақ
Жамбыл көшесіндегі саябақ - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.09.2022
Жазылу
АСТАНА, 27 қыркүйек – Sputnik. Ресеймен шекаралас облыс орталықтарында жалға алатын баспана қалмаған. Ал қонақ үйлер лық толы, бос орын жоқ. Батыста ресейліктерді мешіт пен кинотеатрда қондырса, солтүстіктің тұрғындары үйін тегін ұсынып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Astana TV арнасына сілтеме жасап.
Шекарадағы кептелістен қашқан ресейліктер Қазақстанға пойызбен келе бастады. Біреулер көп бөгелмейміз десе, енді біреулер уақытша қаламыз деп отыр.
"Мен бірнеше күннен кейін Канадаға кетуді жоспарлап отырмын. Сондықтан Қазақстанға уақытша келдім. Қазір Астанаға жол жүремін. Сендерде таксидің құны өте қымбат екен", - дейді Ресей азаматы Александр Марков.
Ал Иван Васюков Мәскеуден келді. Теміржол шекарасында ешкімді тоқтатқан жоқ.
"Қазақстанға әзірге бір айға келдім. Әрі қарай көре жатармыз. Мұнда пәтер бағасы аспандап кеткенін естідік. Енді пәтер іздейміз, амал жоқ", - деп атап өтті ол.
Қазіргі кезде Петропавлда үйді жалдау құны кемінде екі есе өскен. Соған қарамастан, бос пәтер жоқ. Жалға берілетін үйдің тапшы екенін ресми органдар да растап отыр. Қаладағы отельдерде де орын қалмаған. Бұл проблемаға бейжай қарай алмаған қала тұрғындары көшеде қалған ресейліктерге ақысыз пана ұсынып жатыр. Солардың бірі – Райхан Шәріпова.
"Мен жас балаларды вокзалда көріп, жүздерінен алаңдаушылықты байқадым. Кейін екі мәскеулік жігітті өз үйіме алып кеттім. Менің балам да ресейлік 2 азаматқа үйін тегін берді. Біреуі Томск, екіншісі Красноярск қаласынан. Олар бұл саяси жағдайдың тұтқындары. Сондықтан тым жас болған соң, мен оларды аяп кеттім. Адам өлтіргім келмейді дейді. Көмектесу керек деп ойлаймын", - деді Шәріпова.
Еріктілер ресейліктерге ыстық тамақ пен шай таратып жүр. Ал Оралдың кәсіпкерлері көрші елден келгендерді кинотеатрға тегін түнетіпті. Екі күннің ішінде мұнда 300-ден астам азамат пана тапқан.
"Сенбі күні елімізге келгендердің көшеде қайда барарын білмей, қаңғырып жүргенін көрдік. Күн суып кеткесін аяп, кинозалға қонып шығуын ұсындық. 4 залға орналасқан жігіттерге еріктілер ыстық шай, тамақ әкеліп көмектесті. Содан жексенбі күні де қондырдық. Бірақ оларды апта бойы паналатпаймыз. Бүгін санитарлық өңдеу жүргіземіз. Біздің де негізгі жұмысымыз, яғни күн сайын киноға келетін көрермендеріміз бар", - дейді кинотеатр директоры Дилара Мұхамбетова.
Батыс Қазақстан облысына Ресейден бірнеше күннің ішінде 17 мыңнан астам адам келген.
Жаңалықтар
0