Пәтер жалдау ақысы тағы 10-15% қымбаттауы мүмкін – сарапшылар болжамы

© Sputnik / Сергей Субботин / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.09.2022
Жазылу
АСТАНА, 27 қыркүйек – Sputnik. Көрші елден келгендердің көбейгенін жеке бас мүддесіне пайдаланып жатқандар да бар. Соңғы тәулікте пәтерін қымбатқа өткізгісі келген үй иелері бағаны бірден 2 есе көтерген. Ал сұрағанын өтей алмаған тұрғындардан үйді тез арада босатуды сұрап, кейбірін тіпті қуып шыққан. Енді пәтер ақысын төлей алмағандар далада түнеуге мәжбүрміз дейді.
Пәтерден қуылып, даладақалғандардың видеосы әлеуметтік желіде тарады. Олардың арасында 3 балалы жалғызбасты ана да бар, деп хабарлады "Астана" арнасы.
"Төлей алмадым. Сосын бала-шағаммен түнде шығарып жіберді. Міне, енді түстен кейін ауылға шығамыз. Түркістан жаққа. Алматыда тұратын едік", - дейді ол.
Ал астаналық Айдана есімді студент осыған дейін бір бөлмелі пәтерді құрбыларымен бірге 100 мың теңгеге жалдаған. Алайда үй иесі бір-ақ күнде пәтер құнының барлық жерде қымбаттап жатқанын айтып, бірден 50 мың теңгеге көтеріп жіберіпті.
"Пәтер иесі 150 мыңға қымбаттатып жіберді. Төлей алсаңдар төлеңдер, әйтпесе тезірек бір күннің ішінде босатып беріңдер, басқа адам аламын деп жатыр", - дейді Айдана.
Баспана жөніндегі мамандар да пәтер иелерінің бағаны негізсіз көтергеніне алаңдап отыр. Айтуларынша, бұған ел ішіндегі ақпараттық дүрбелең себеп болған көрінеді.
"Сұраныс өте көп. Барынша көмектесуге тырысып жатырмыз. Пәтер бағасы өсіп кетті. Енді дүрбелеңге еріп, бағаның бәрін көтеріп, өзіміздің қарапайым қазақ зардап шегіп қалмаса екен дейміз", - дейді баспана жөніндегі маман Айнұр Сүгірбекова.
Мамандар баспананы жалға алған кезде міндетті түрде келісімшартқа отыру керек екенін ескертеді. Егер заңды келісім болмаса, пәтер иесі кез келген сәтте жалдаушыдан баспананы босатуды талап етіп, жалдау құнын да өсіре алады. Ал құжат жүзінде келісім болса, пәтер иесі үй ақысын негізсіз көтеруге құқығы жоқ.
"Келісімшартта мезгілін, шарттарын бекіту керек. Мысалы, бір жылға жалдады ма, осы уақыт ішінде пәтер иесі бағаны көтеруге құқылы емес", - дейді адвокат Ерқанат Бейсенов.
Қазір Астананың оң жағалауындағы 1 бөлмелі пәтер кемінде 150-180 мың теңге, 2 бөлмелі пәтер –180 мың мен 300 мыңның арасында. Ал 3 бөлмелі үйдің құны 500 мыңнан кем емес. Сәулеті келіскен тұрғын үйде тұрамын десеңіз, бір айда миллион төлеуге дайындалыңыз. Бұл – елордадағы арзан баға. Ал кейбір сарапшылар пәтер ақысының алдағы уақытта әліде де қымбаттайтынын айтады. Шамамен 10-15 процент өседі деген болжам бар.
Жаңалықтар
0