ОСК сайлаушылардың жартысы қарсы дауыс берген жағдайда не болатынын айтты

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.09.2022
Жазылу
АСТАНА, 26 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан заңнамасында сайлаушылардың жартысынан көбі "бәріне қарсымын" деген тармақты таңдаса, сайлаудың әрі қарай өту тәртібі реттелмеген. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте журналистер сайлаушылардың елу пайыздан астамы қарсымын деп дауыс берсе, не болатынын сұрады.
"Қазіргі қолданыстағы заңда бұл мәселе реттелмеген. Сондықтан ондай жағдай қалыптасса, қай кандидат елу пайыздан көп дауыс алады, сол жеңген болып есептеледі. Егер бірінші турда елу пайыздан көп дауыс жинаған кандидат болмаса, екінші тур өткізіледі. Ең көп жинаған екі адам жарысқа түседі. Кім көбірек дауыс алады, сол жеңген болып саналады", - деп түсіндірді Өтемісов.
Ол Орталық сайлау комиссиясы қазіргі қолданыстағы заңды басшылыққа алатынын атап өтті.
"Біз заң шығармаймыз. Яғни, бүгінде парламент заңды осындай редакцияда қабылдаса, біз оны қолданыстағы заңнаманың талаптарын қатаң сақтай отырып орындауымыз керек. Ал сайлаушылардың дауысы неге ескерілмейді деген сұраққа келер болсақ, бұл азаматтардың өз еркі мен бюллетеньге енген кандидаттарға деген қарым-қатынасын білдіру мүмкіндігі", - деді Өтемісов.
Айтуынша, практикада сайлаушылардың басым бөлігінің кандидаттарға қарсылығы ешқашан тіркелмеген.
"2004 жылға дейін бюллетеньдерде мұндай тармақ болды. Десе де іс жүзінде мұндай жағдай еш жерде тіркелген жоқ. Осыны ескере отырып, заң шығрушылар да осы процесті реттемеген шығар. Егер осы сайлауда немесе алдағы сайлауларда осындай жағдай қалыптасса, әрине, заң шығарушылар мұны назарға алып, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізеді", - деді ОСК мүшесі.
Жаңалықтар
0