Қайрат Сатыбалдыұлының сыбайласына іздеу жарияланды

Эфенди Кемаль - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.09.2022
Жазылу
Сатыбалдыұлының сыбайласымен байланысты тергеу ісінің бір ғана эпизодында 37 миллиард теңге және 62 миллион доллар сома анықталып отыр
АСТАНА, 25 қыркүйек – Sputnik. Ақпан айынан бері шетелде жасырынып жүрген Қайрат Сатыбалдыұлының сыбайласына іздеу жарияланды, деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату) фактілері бойынша Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да тұлғаларға қатысты жүргізіліп жатқан сотқа дейінгі тергеу барысында Елбасы жиенінің сенімді сыбайласы анықталғанын хабарлады.
1983 жылы туған Қазақстан азаматы Эфенди Кемаль бірқатар коммерциялық кәсіпорындардың негізін қалаушы және директоры болып табылады және оған іздеу жарияланды.
"Эфендидің қылмыстық рөлі кеден саласындағы мәселелерді шешу, ақшаны және басқа да мүлікті заңдастыру (жылыстату) болды. Бұл үшін оған Қайрат Сатыбалдыұлы шоттан ақша алуға арналған сенімхат берген. Мысалы, Эфендиге қатысты бір ғана эпизод бойынша 2018 жылдың шілде-тамыз айларының 3 күнінде Қайрат Сатыбалдыұлының жеке шотынан 37 миллиард теңге және 62 миллион АҚШ долларын қолма-қол ақша ретінде шешіп алған", - деп жазылған агенттік таратқан хабарламада.
Осы жылдың ақпан айынан бері Эфенди Қазақстаннан тыс жерде жасырынып, қылмыстық қудалау органына келуден жалтарып отыр.
Оның заңсыз әрекеттері ҚР ҚК 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы ("Қызмет бабын пайдалана отырып және аса ірі мөлшерде қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату) бойынша сараланды. Бұл бап кінәлі тұлғаның мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Жаңалықтар
0