Микрокредит беру тәртібі қалай өзгереді

© Sputnik / Наталья Селиверстова / Медиабанкке өтуЗнак процента
Знак процента - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.09.2022
Жазылу
АСТАНА, 24 қыркүйек – Sputnik. Үкімет микроқаржы қызметі бойынша бірқатар өзгерістерді енгізуді жоспарлап отыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тиісті қаулыны да әзірленді. Жақында оны "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқылауға шығарған болатын.
Sputnik Қазақстан шағын кредиттерге қатысты негізгі өзгерістерді шолып шықты.

Сыйақының шекті мәні болады

Қазіргі заңнамама жеке тұлғаға берілетін микрокредиттердің сыйақы мөлшері екі жолмен белгіленеді. Кепілге мүлік салынса, 20 процент, ал кепіл болмаса, 25 проценттік сыйақы алынады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі барлығына ортақ шекті мәнді белгілеуді ұсынып отыр. Кепілге мүлік салынса да, салынбаса да, сыйақы микрокредит сомасының 20 процентінен аспауға тиіс. Осылайша, барық микрокредитке ортақ сыйақы белгіленеді.
Ал кепілсіз кредит алғандар артық ақша төлемейді. Бұдан бөлек, бүгінде микроқаржы ұйымдары әрбір клиенттің кредит төлеу қабілетін өз бетінше бағалайды. Соның негізінде борыштық жүктеме коэффициентін (БЖК) шығарады. Агенттік ол талапты да алып тастауды ұсынып отыр. Соның орнына барлығына ортақ жүйе енгізіледі.
"Әлеуетті қарыз алушының меншігінде жылжымалы немесе жылжымайтын мүліктің болуы оның тұрақты табысының болуын растамайды, осыған байланысты БЖК есептеу кезінде осы критерийді пайдалану орынды емес деп санаймыз", - дейді агенттік мамандары.
Борыштық жүктеме коэффициентін есептеу кезінде 3-12 айдағы ресми кіріс ескеріледі. Ал кредит сомасын толығымен жабатын автокөлік, жылжымайтын мүлік және депозиттегі ақша кепілге қойылса, БЖК-ны есептеудің қажеті жоқ.

Төлем қабілеттілігі қалай есептеледі

Шағын кредит алатын адамның төлем қабілеттілігін бағалау жағынан көп өзгеріс болмайды. Бұрынғыдай "ҚК ≥ ЕТКДШ + 0,5 * ЕТКДШ * Сктом" формуласы бойынша есептеледі.
ҚК – қарыз алушының кірісі;
ЕТКДШ – "Республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң (36 018 теңге - 2022 жылы) шамасы;
Сктом – отбасының кәмелетке толмаған мүшелерінің саны.
Мәселен, үйде төрт адам - ата-ана және кәмелет жасқа толмаған екі бар дейік. Кредитке 300 мың теңгенің теледидарын алғысы келіп отыр. Ол үшін ай сайын, шамамен, 30 мың теңге төлеу керек. Формула бойынша 36 018+0,5* 36 018 * 2 бала = 72 036 теңге. Оған кредиттің ай сайынғы төлемі қосылады. Сонда отбасының бір айлық табысы 100 мыңнан артық болуы шарт.
Ал басқа кредиттер болса, табысқа қойылатын талап көтеріледі. Оны борыштық жүктеме коэффициентін есептеу кезінде анықтайды.
Қаулы жобасында өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген, яғни, өз бетінше табыс табатын адамдарға қатысты бір талап бар. Егер ресми түрде ай сайынғы табыс салығы, зейнетақы мен сақтандыру жарналары жасалмаса, бірыңғай жиынтық төлемінің төленгенін растайтын құжатты ұсыну қажет. Төлем соңғы бір жылға жасалуы шарт.

Капиталға талап күшейтіледі

Алдағы уақытта микроқаржы ұйымдарының меншікті капиталына қойылатын талап та күшейтіледі. Ең төменгі мөлшері кезең-кезеңмен 200 миллионға дейін көтеріледі. Осылайша, кредит беретін ұйымдардың қаржылық тұрақтылығы қамтамасыз етіледі. ·
2023 жылы 1 қаңтардан бастап - 100 000 000 теңге;
2023 жылы 1 шілдеден бастап – 150 000 000 теңге;
2024 жылы 1 қаңтардан бастап – 200 000 000 теңге;
Агенттік қаулысы ресми түрде жарияланған күннен бастап екі айдан кейін күшіне енеді.
Жаңалықтар
0