Заңсыз сертификаттар контрафактілік өнімнің ұлғаюына әкеліп отыр
© Sputnik / Тимур БатыршинФлаги стран ЕАЭС
© Sputnik / Тимур Батыршин
Жазылу
АСТАНА, 21 қыркүйек – Sputnik. Қырғыз және ресейлік сертификаттау органдарының сәйкестікті растауы сертификаттардың саудасына айналды. Бұл Қазақстан аумағында бақылаусыз контрафактілік және қауіпті өнімдердің заңдастырылуына және кедергісіз айналымына әкеледі.
Бұл туралы Қайырбек Сүлейменовтің төрағалығымен өткен "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңес отырысы барысында айтылды.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасында атап өткендей, қазақстандық кәсіпорындар да қырғыз компанияларының қызметтерін белсенді пайдаланады. Сәйкестікті растау құжаттарын тек кедендік рәсімдерге ғана емес, өнімді нарыққа шығаруға да сынақсыз және өндірісті тексерусіз 1–3 күнде және арзан бағамен (30–50 мың теңге) алуға болады.
Ал сәйкестікті толыққанды растау жоғарыдағы бағадан әлдеқайда қымбат тұрады. Қазақстандық зертханалар тап болған баға демпингі және қатаң талаптарға байланысты үш жыл ішінде отандық аккредиттеу органдарының сәйкестікті бағалау көлемінің төмендеуі екі есеге қысқарды.
"Техникалық реттеудің отандық жүйесі тұралап, ал тұтыну нарығы сапасыз өнімді сатуға ашық тұр. Жағдайды түзету уәкiлеттi органдардың жедел араласуын және тиімді шешiмдер қабылдауын талап етедi. Саладағы жағдай реттеуге келмейтіндей сипатта нашарлауы мүмкiн. Бұл техникалық реттеу жүйесін бұзады және қазақстандық аккредиттеу субъектілерінің банкротқа ұшырауына әкеледі", - деді Қайырбек Сүлейменов.
Дәл осындай сәйкестікті растау органдары Қазақстанда да бар. ҰКП-да атап өткендей, олар қаржылық ауыртпалыққа қарамастан, өздерінің еңбек, қаржылық және материалдық ресурстарын инвестициялау арқылы зертханаларды дамытып отыр. Салада 1 500 сарапшы, өнімдер мен қызметтердің сәйкестігін растайтын 68 орган, 955 сынақ зертханасы мен орталығы жұмыс істейді.
Ал, Қырғызстанның ұлттық тізілімінің мәліметі бойынша, биылғы жылдың жеті айында ЕАЭО аясында 58 088 құжаттың (сәйкестік сертификаты) 28 765-і қазақстандық кәсіпкерлердің өтініші бойынша берілген.
Жиын барысында отандық аккредиттеу субъектілеріне неғұрлым қатаң реттеуші талаптар қойылғаны белгілі болды. Сондықтан олар Ресей мен Қырғызстандағы аккредиттеу субъектілерімен салыстырғанда тең емес жағдайда тұр.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес уәкілетті орган жүзеге асыратын техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру ЕАЭО-ның басқа мемлекеттерінің заңнамасын есепке алмай, сондай-ақ техникалық реттеудің жаңа құралдарын енгізу кезінде ықтимал тәуекелдер мен қиындықтардың егжей-тегжейлі болжамынсыз жүзеге асырылғанын атап өтті. Атап айтқанда, сертификаттау мен сәйкестікті бағалауды цифрландыру бойынша жұмыс ЕАЭО шешімдері мен құқықтық актілерінде қолданылуын құқықтық реттеуге дейін біржақты тәртіпте енгізілген, ал "Е-сертификаттау" ақпараттық жүйесі әлі дұрыс жұмыс істемейді.
Отырыстың қорытындысы бойынша Кеңес Қазақстанның сауда және интеграция министрлігіне бірнеше ұсыныс жолдады:
Ресей және Қырғызстан заңды және жеке тұлғаларының техникалық регламенттерді бұзу фактілері туралы материалдарды ЕАЭО техникалық регламенттерінің талаптарын сақтауын мемлекеттік бақылау (қадағалау) саласындағы Консультативтік комитет жанындағы кіші комитеттің қарауына дайындау және енгізу және жол берілген бұзушылықтардың салдарын болдырмау және жою бойынша шаралар қабылдау;
техникалық реттеу және метрология саласында келісілген және тиімді саясатты қалыптастыру кезінде ұлттық кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін шектеуді болдырмау мақсатында басқа ЕАЭО мемлекеттерінің заңнамасына мониторинг жүргізу және техникалық реттеудің жаңа құралдарын енгізу кезінде ықтимал тәуекелдерді болжау;
қазақстандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ЕАЭО мемлекеттерінің заңнамасына және халықаралық тәжірибеге сәйкес қойылатын талаптарға қарағанда қаржылық немесе өзге де жүктемені арттыратын ережелерді алып тастау мақсатында отандық сәйкестік органдарына аккредиттеу және реттеу құралдарына қойылатын біліктілік талаптарын талдау;
мемлекеттік бақылау мен қадағалау қызметін белсенді іске қосу, оларды бұзғаны үшін әкімшілік және өзге де жауапкершілік шараларын кеңінен қолдану.