Қуантыров бизнес үшін бірыңғай төлем енгізу тәртібін түсіндірді

© Photo : pixabay/ds_30Иллюстративті фото
Иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.09.2022
Жазылу
АСТАНА, 21 қыркүйек – Sputnik. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бірыңғай төлем енгізу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мемлекет басшысы былтырғы жолдауында микро және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлемді енгізуді тапсырған болатын. Осылайша, қазіргі барлық төлем – зейнетақы, табыс салығы және әлеуметтік сақтандыру жарнасы бір төлеммен жасалуы шарт. Бизнес артық жұмыс істемейді, жұмысшылардың аударымдарын бірыңғай төлеммен аудара салады.
"Әлеуметтік аударымдар мөлшері қызметкерлерге төленетін болашақ төлемге әсер ететіндіктен, жүктемені жеке табыс салығы есебінен төмендету көзделіп отыр. Бірыңғай мөлшерлеме міндетті зейнетақы жарналарын енгізуді және әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесінің өсуін ескереді", - деді Қуантыров мәжілістің жалпы отырысында.
Министрдің айтуынша, бірыңғай төлемді арнаулы салық режимінде жұмыс істейтін микро және шағын бизнес субъектілері ерікті негізде қолданады. Төлем сомасы бірыңғай жиынтық төлеміне ұқсас болады.
"Осылайша, бірыңғай төлем салықтар мен еңбекақы төлемдерін есептеуді жеңілдетіп қана қоймай, салық жүктемесін азайтуға да мүмкіндік береді", - деп атап өтті Қуантыров.
Айта кетері, министрлік бірыңғай төлем енгізу бойынша арнайы заң жобасын әзірледі. Мәжіліс депутаттары құжатты бірінші оқылымда мақұлдады. Бірыңғай төлемді келесі жылдан бастап енгізу жоспарланып отыр.
Жаңалықтар
0