Рөлі оң жақта орналасқан шетелдік көлік жүргізушілері наразылыққа шықты

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.09.2022
Жазылу
АСТАНА, 20 қыркүйек – Sputnik. Алматыда рөлі оң жақта орналасқан шетелдік көлік жүргізушілері наразылық білдірді. Армения, Ресей, Қырғызстан, Грузия нөмірін таққан көлік иелері "бізді де алаламай, есепке қойсын" деген талап-тілегін жеткізді.
Машинамызды айып тұрағына тоғыта ма деп алаңдаған жүргізушілерді ішкі істер министрлігі байбалам салмауға шақырды, деп хабарлады КТК.
Сержан Айсаев жарты жыл бұрын кредит алып, Армениядан келген рөлі оң жақтағы көлікті тізгіндеген. Сегіз адамға арналған кең машинасы бала-шағасы мен жұмысына да ыңғайлы. Құрылыс саласында нәпақа табатын көпбалалы әке рөлінің қай жақта орналасқанына қарамай, бәрін тіркеуді сұрайды.
"Оң жақ, сол жақ деп бөлмей, барлығын тіркеп берсе. Бұл жердегілердің 80 пайызы несиеге алған. Менің төрт балам бар. Әке-шешемнің қолында тұрамын. Шыны керек, жеңіл көлікке сыймаймын. "Айып тұрағына алып кете ме?" деген үрей болады. Барлығының жүрегінде сондай үрей бар. Сондықтан тіркеп берсе, өзіміздің қазақ нөмірін берсе, емін-еркін қорықпай жүретін едік", - дейді Алматы қаласының тұрғыны.
Сержан сынды рөлі оң жақтағы шетел нөмірімен жүрген жүргізушілер "айып тұрағына қашан алып кетеді" деген үреймен күн кешіп жүргенін айтады. Олар қазіргі көліктердің ескісінің де бағасы удай деп ұлардай шулады. Сондықтан бәрі жүрісі жайлы әрі арзан Ресей, Армения, Қырғызстан, Грузиядан жеткізілген көлікті таңдаған. Жолдауды естіп қуанған жүргізушілердің көңілін ішкі істер министрлігінің ақпараты су сепкендей басыпты.
"Қазақ бұл көліктерді еріккеннен алған жоқ қой. Өзімізде сатылып жатқан көліктердің бағасы қандай екенін білесіздер. Бұл көліктерді көңілімізден шыққаннан кейін, бағасын қалтамыз көтергеннен кейін алдық. Бала-шағаны асыраудың қамы. Сол көліктерді "енді жүргізбейді", "болмайды", "заңсыз" деген үкіметке бұрынғы көліктерді қалай тіркесе, бізді де солай тіркеп берсін дегеннен басқа талабымыз жоқ", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Ерлан Шыбынтаев.
Жалпы алыс-жақын шетелден елге кіргізілген рөлі оң жақтағы көліктердің жартысынан көбі – жеті, сегіз орындық минивэндер. Ауыл, аудан, одан қалды қала арасында жолаушы тасымалдап жүргендердің дені де осы машиналар.
"Оң жақ рөлді көліктер қауіпті дейді. Бірақ осыған дейін өткен көліктер де жүр ғой, мысалы. Ол жүргізетін адамына байланысты деп ойлаймын. Мен бес миллионға алдым. Ал Қазақстанда бес миллионға ойдағыдай көлік ала алмайсың. Бұл бір жағынан жұмысқа, отбасымызға тиімдірек. Сапасы жағынан да жақсы", - дейді Алматы тұрғыны Мұхит Есіркепұлы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында 1 қыркүйекке дейін кіргізілген шетел көліктерін заңдастыруды тапсырған. Президент машиналарды тіркеу құны 200-250 мың теңгеден аспау кереін де айтты. Іле-шала ішкі істер министрлігі тіркеу тәртібін жариялады. Алайда жауапты ведомство өкілдері рөлі оң жақтағы көліктерді есепке қою мәселесі әлі пысықталып жатқанын жеткізді.
"Заңдастыруға қылмыстық және кеден бақылауынан өткізілмеген автокөліктер кірмейді. Автокөлік шығарылған жылына және экологиялық санатына қарай талаптар жоқ. Қалған талаптар бойынша шешім қазір ұлттық және халықаралық заңнаманы ескере отырып қабылдануда. Полиция шетел автокөліктері бойынша ешқандай арнайы рейд жүргізбейді", - деп атап өтті ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев.
Ішкі істер министрлігі шетел көліктерін келесі жылдан бастап есепке қоямыз деп отыр. Қазір 1 қыркүйекке дейін ел шекарасына кіріп үлгерген машиналардың тізімі жасалып, заңдастыру тәртібі пысықталуда. Бір анығы, Еуразиялық экономикалық одақ құрамына кірмейтін мемлекеттерден жеткізілген көліктердің иелері кедендік баж салығын міндетті түрде төлейді. Ал рөлі оң жақтағы машиналар тіркеуге іліге ме, ол жағы әзірге белгісіз. Нақты шешім жыл соңында қабылданады.
Жаңалықтар
0