Алматыға 1006 жыл: тұрғындар қала күнін атап өтіп жатыр

© Photo : Пресс-служба акима Алматы Алматы. Виды города
Алматы. Виды города  - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.09.2022
Жазылу
АСТАНА, 18 қыркүйек – Sputnik. Алматыға 1006 жыл толды. Дәстүр бойынша қалада жәрмеңкелер, концерттер және тағы басқа мәдени-бұқаралық, сондай-ақ спорттық шаралар өтеді.
Бүгін алматылықтар сан алуан шараға бара алады. Мәселен, тұңғыш президент саябағында "Aлма fest" мерекесі жалғасып жатыр. Соның аясында алма жәрмеңкесі, концерттік бағдарлама және тағы басқа шаралар қарастырылған.
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының алаңында "Сүйемін сені, Алматы" фестивалін тамашалауға болады.
Кешкі алтыда "Алматы Арена" мұз айдынында "Сәлем, Алматы!" музыкалық фестивалі басталады. Ал бір сағаттан кейін "Астана" алаңында Zhuldyzdy Live концерті өтеді.
Алматы әкімі Ерболат Досаев та қала тұрғындарын бүгінгі мейраммен құттықтады. Дәл осы жерде туғанын да еске салды.
"Әйгілі классик Ремарк "Ең ғажап қала – ол адамның бақытты болған жері" депті. Мен осында туып-өстім, ең жылы естеліктерім осы қаламен байланысты. Мұнда шаңырақ құрдым, балаларым өсіп келеді. Сіз бен біздің сүйікті қаламыз – шынымен жанды қала, ерекше энергетикаға бай шаһар. Қаламыз жайлы мыңдаған арнау жазылды, әсерлі әндер шырқалды, жасыл желекті әдемі көрінісін бейнелеген сансыз суреттер салынды", - дейді Досаев.
Әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта әкімнің қаңтар оқиғасына қатысты бір сөзі де бар. Досаев қаланы Феникс құсына теңеді.
"Алматы тарихында өзге ірі қалалардың тарихындай гүлдену мен құлдырау (төмендеу) кезеңдері және зор қуаныш пен үлкен қайғы сәттері болды. Қаңтардың қайғылы оқиғалары біздің санамызды мүлде өзгертті. Біз қоршаған әлемнің қаншалықты нәзік екенін түсіндік және береке деген байлықты бағалап, оны күйзеліс пен зұлымдықтан сақтаудың маңызына көз жеткіздік. Алматы Феникс құсы сияқты қайта түлеп, бүгін оның белсенді дамуын және қарқынды алға жылжуын көріп отырмыз", - деп атап көрсетті қала басшысы.
Әкімдіктің ресми парақшасында қала күніне арналған видео да жарияланды.
Айта кетері, Алматы күні жыл сайын қыркүйектің үшінші жексенбісінде аталып өтеді.

Алматы тарихы терең

2016 жылы тарихшы ғалымдар Алматыға 1000 жыл болғанын дәлелдеді. Бұдан екі жыл қаланың 160 жылдығы тойланды. Алайда ғалымдар оның тарихы әлдеқайда тереңде жатқанын мәлімдеді.
Қаланың тарихына қатысты пікірталас көптен бері басылмай келеді. Біреулер оны Верный бекінісін құрудан басталды десе, енді біреулер ондай пайыммен келіспейтінін ашық айтып, Алматының тарихы 10 ғасырдан асатынын дәлелдеп шықты.
"Алматының 1000 жылдығы" тұжырымын академик Карл Байпақов ұсынған. Архелог ғалым 1000 жылдың ішінде елді мекен емес, қала бой көтергенін айтқан еді.
Бұдан бөлек, халықаралық сарапшылардың қатысуымен бірнеше конференция ұйымдастырылған болатын. Оған жиналған ғалымдар да Алматыға 1000 жыл болғанын дәлелдеді. Олар қала әкімдігі мен ЮНЕСКО-ға мыңжылдықты тойлауды ұсынған. 2015 жылы ЮНЕСКО Алматының мерейтойын өз күнтізбесіне қосты.
Жаңалықтар
0