ШЫҰ мемлекеттері Самарқанд декларациясын қабылдады

ШЫҰ саммиті - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.09.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 16 қыркүйек – Sputnik. 15-16 қыркүйекте Өзбекстанның Самарқанд қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтіп жатыр. Шара барысында тараптар әлемдік қауіпсіздік пен жаһандық жаңа тәртіпке қатысты мәселелерді талқылап, ынтымақтастықты арттыруды қажет ететін салаларды атап өтті. Саммит қорытындысы бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары Самарқанд декларациясына қол қойды. Бұл туралы толығырақ РИА Новости жазды.
Саммит қорытындысы бойынша ұйымға мүше мемлекеттер Самарқанд декларациясына қол қойды. Декларацияның негізгі қағидалары ретінде мыналарды атап көрсетуге болады.
Мемлекеттер ШЫҰ-ның басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарға қарсы бағытталмағанын растады, сондай-ақ өзара мүдделерді ескере отырып, ынтымақтастықтың ашықтығын атап өтті.
Дүниежүзілік сауда ұйымының тиімділігін арттыруға және қазіргі экономикалық шынайылықты ескере отырып, ұйымды реформалауға шақырды. ШЫҰ мемлекеттері қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, террористік және экстремистік ұйымдардың бірыңғай тізімін құруға ниетті екендіктерін мәлімдеді.
"Ұйымға мүше мемлекеттер өздерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес және консенсус негізінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің аумақтарында тыйым салынған террористік, сепаратистік және экстремистік ұйымдардың бірыңғай тізімін қалыптастырудың бірыңғай қағидаттары мен тәсілдерін әзірлеуге ұмтылатын болады", - деп жазылған декларация мәтінінде.
Тараптар сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің құзыретті органдарының "Пабби-Антитеррор – 2021" терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуларының және "Ынтымақтастық – 2019-2021 " бірлескен шекаралық операциясының нәтижелерін, сондай-ақ Үндістанның 2021-2022 жылдардағы ШЫҰ-ның Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы кеңесіне тиімді төрағалық етуін атап өтті.
Сондай-ақ "Бейбіт миссия" терроризмге қарсы бірлескен командалық-штабтық оқу-жаттығуларды өткізудің маңыздылығы айтылды.
"Ұйымға мүше мемлекеттер 2022 жылғы 24-25 тамызда Ташкентте өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлері кеңесінің нәтижелерін атап өтті және қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуды қолдады", - деп жазылған декларацияда.
Сонымен қатар, декларацияда көрсетілгендей, тараптар жекелеген елдердің жаһандық зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін (ЗҚҚ) біржақты арттыруы сынға алды. Бұл, олардың пікірінше, халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа кері әсер етеді.
"Тараптар АКТ секторын милитаризациялауға қарсылық білдіріп, БҰҰ атымен АКТ-ны қылмыстық мақсатта пайдалануға қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияны әзірлеуді бастауды қолдады", - деп жазды РИА Новости.
Сондай-ақ, химиялық қаруды әзірлеуге, өндіруге, жинақтауға және пайдалануға тыйым салу және оларды жою туралы конвенцияны сақтауға шақырды. Ғарыш кеңістігін қарусыз сақтауды қолдап, ғарыш кеңістігінде қару-жарақ жарысын болдырмауға кепілдік беретін халықаралық құқықтық міндеттемелік құжат жасау қажеттігін атап өтті.
Иранның ядролық бағдарламасы бойынша іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру маңызды деп танылып, Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың ережелерін қатаң сақтауды қолдады.
Саммитке қатысушы тараптар Ауғанстанда барлық этникалық, діни және саяси топтардың өкілдерінің қатысуымен инклюзивті үкімет құру қажеттігін атап өтті. Стартаптар мен инновациялар бойынша арнайы топ, сондай-ақ кедейлікпен күрес және дәстүрлі медицина бойынша топ құруға келісті. Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары "ШЫҰ ізгі ерік елшісі" атағы бекітіп, 2023 жылды Туризм жылы деп жариялады.
Жалпы саммитке қатысушы тараптар 40-қа жуық құжатқа қол қойды, оның ішінде ұзақ мерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы келісімді жүзеге асырудың кешенді жоспары бар.
"ШЫҰ аясында 44 құжат дайындалып, оған қол қойылды. Оның ішінде мемлекет басшыларының шешімдері, ведомствоаралық құжаттар бар, бұл ШЫҰ-ны кеңейту, сондай-ақ ШЫҰ мен басқа да ұйымдардың ынтымақтастығы жөніндегі құжаттар", - деді Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Юсуп Кабулжанов саммит аясында журналистерге берген сұхбатында.
Еске салсақ, 16 қыркүйек күні таңертең ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының шағын құрамдағы кездесуі өтіп, онда Қазақстан президенті сөз сөйледі. Шанхай ынтымақтастық ұйымына Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан кіреді.
Бақылаушы елдер: Ауғанстан, Беларусь, Иран және Моңғолия, серіктес елдер: Әзербайжан, Армения, Камбоджа, Непал, Түркия және Шри-Ланка. Самарқандтағы саммитте Иранды қауымдастыққа қабылдау рәсімі аяқталады (міндеттеме туралы меморандумға қол қойылады) және Египет, Катар және Сауд Арабиясына диалог бойынша серіктес мәртебесі беріледі деп күтілуде.
Жаңалықтар
0