Тоқаев діндер көшбасшылары съезін дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды

© Sputnik / Владислав ВодневӘлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.09.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 15 қыркүйек – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін дамытудың бір жылдық тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін астанада съездің жабылу салтанаты өтті. Сол жерде қатысушылар ортақ декларацияны қабылдады. Президенттің айтуынша, ол құжат мазмұнды болып шықты, әрі жан-жақты пысықталған. Декларация іргелі мәселелерді қамтиды және үкіметтерге, саяси көшбасшыларға, халықаралық ұйымдарға бағдар бере алады.
"Біздің ортақ міндетіміз – Декларацияның концептуалды ережелері мен идеяларын дәйекті түрде ілгерілету. Сонымен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Құжатта біздің форумның ықпалын одан әрі күшейтудің нақты қадамдары мен кезеңдері қамтылуы керек", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы форумның екі күндік жұмысын қорытындылай келе, қазақ жері осы күндері түрлі мәдениеттердің сындарлы сұхбат орталығына айналғанын ерекше атап өтті. Себебі дүниежүзінің беделді дінбасылары осы жерде бір шаңырақтың астына жиналды.
"Шын мәнінде, бәріміздің мақсатымыз – бір. Бұл – өркениеттер үндестігін орнату және бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту. Съезде көптеген салмақты ой, салиқалы пікір айтылды. Оның бәрі біздің үйлесімді әлем құру жолындағы іс-әрекетімізге оң ықпалын тигізеді деп санаймын. Біздің бастамамызға қолдау көрсетіп, съезге арнайы келген діни көшбасшыларға, саясаткерлер мен халықаралық ұйым өкілдеріне алғыс айтамын. Сондай-ақ форумды өткізуге белсене атсалысқан дипломаттарға, волонтерлерге, журналистер мен басқа да азаматтарға ризашылығымды білдіремін", - деп атап көрсетті президент.
Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Рим Папасы Францискке елімізге тарихи сапар жасап, Съезд жұмысына қатысқаны үшін тағы да өз ризашылығын білдірді.
Жаңалықтар
0