Маңғыстауда тұрғындар талонмен су алу үшін апта бойы кезекке тұруға мәжбүр

© Pixabay / Jack SellaireВода
Вода - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.09.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 15 қыркүйек – Sputnik. Маңғыстау облысындағы Қызылтөбе ауылының тұрғындары талонмен сатып алатын суға күн сайын кезекке тұруға мәжбүр. Елді мекенде құдық атаулы мүлде жоқ, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Төрт жыл бұрын ауылға су құбыры тартылған. Алайда бұл су құбыры ХХІ ғасырдың ескерткіші іспеттес еш кәдеге жарамай тұр.
"Құбыр тартылғанына төрт жыл болды. Сол уақыттан бері ешнәрсе жасалған жоқ. Су тасушылардан амалсыздан су сатып алып жатырмыз. Бұрын төрт текше метр 2 200 теңге болса, қазір 2 800. Бұл талон бойынша бекітілген баған. Жеке сатушыларда баға 4000 теңге көлемінде. Бір отбасында 15 адам бар, су тез таусылады. Талон бойынша сатып алған су түкке жетпейді", - дейді Қызылтөбе-2 ауылының тұрғыны Сәрсенбай Төребайұлы.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, суды жеңілдетілген бағада талонмен сатып алу үшін олар бір апта бойы кезекте тұруы керек.
"Қазір үйде су жоқ. Төрт текше метр екі аптаға ғана жетеді. Мен зейнеткермін, жеке саудагерлерден 4-5 мың теңгеге су сатып алуға шамам жоқ. Сондықтан апталап осында кезек күтуге тура келеді", – дейді Қызылтөбе-2 ауылының тұрғыны Қалдыбай Көшімов.
Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Қарасай Әбіханов су құбыры өткен жылдың қаңтар айында ғана іске қосылғанын айтты.
"Мұнайлы ауданындағы тұрғындарға 35-40 мың текше метр су қажет. 13-15 мың текше метр су жеткізіліп жатыр. Барлығын қамтамасыз ете алмадық. Қазір "Каспий" тұщыту зауытында реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстар қарашада аяқталады деп көздеп отырмыз", - деді ол.
Жергілікті атқарушы органдар осыдан кейін Мұнайлы ауданына қажетті су көлемі бөлінеді деп сендірді. Әзірше ауыл тұрғындары кезек күтіп, су алуға тура келіп тұр.
Жаңалықтар
0