Қытай Қазақстанмен қарым-қатынасқа зор көңіл бөледі - Си Цзиньпин
16:44 14.09.2022 (жаңартылды: 17:02 14.09.2022)
© Photo : Пресс-служба Президента Республики КазахстанҚасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 14 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесу өткізді.
"Ақорда" резиденциясында ҚХР төрағасын ресми қарсы алу шарасы өтті. Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт берді. Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік әнұрандары орындалғаннан кейін мемлекет басшылары екіжақты келіссөз өткізетін залға барды", - делінген ақпаратта.
© Photo : Пресс-служба Президента Республики КазахстанҚазақстан мен Қытайдың мемлекеттік әнұраны орындалды
Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік әнұраны орындалды
Бұдан кейін Қазақстан мен Қытай басшылары кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
"Бұл – пандемиядан кейін сіздің шетелге алғашқы сапарыңыз. Мен мұны жоғары деңгейдегі өзара сенім мен ынтымақтастықтың көрінісі деп бағалаймын. Биыл 5 ақпанда XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысқанымды білесіз. Сол кезде Бейжіңде өткен кездесуімізді ықыласпен еске аламын", - деді мемлекет басшысы.
© Photo : Пресс-служба Президента Республики КазахстанҚазақстан мен Қытай басшылары кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Қазақстан мен Қытай басшылары кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толғанын атап өтті.
"Сіздің сапарыңыз осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Қысқа мерзім ішінде біз тұрақты мемлекетаралық қатынас орнаттық. Сіз Қазақстан экономикасын дамытуға және біздің халықаралық бастамаларымызға ұдайы қолдау көрсетіп келесіз. Сол үшін өзіңізге зор алғыс айтамын", – деді президент.
Тоқаевтың айтуынша, 2019 жылы қыркүйектегі Бейжіңге мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген жан-жақты мәңгілік стратегиялық серіктестік жөніндегі уағдаластық сәтті жүзеге асырылып жатыр.
© Photo : Пресс-служба Президента Республики КазахстанСи Цзиньпин: Қытай өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты Қазақстанның ұстанымдарын қолдайды
Си Цзиньпин: Қытай өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты Қазақстанның ұстанымдарын қолдайды
ҚХР төрағасы араға жыл салып Қазақстанға қайта келгеніне қуанышты екенін айтып, қазақ халқының қонақжайлығы мен мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін президентке ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, Қытай өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты Қазақстанның ұстанымдарын қолдайды.
"Қазақстан халқы сіздің басшылығыңызбен мемлекеттік құрылыс пен ұлттық жаңғыру ісінде жаңа табыстарға жететіні күмәнсіз. Қытай үкіметі Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастарға зор көңіл бөлетініне тағы да қайталап айтқым келеді. Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біз алдағы уақытта Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсетеміз", - деді Си Цзиньпин.
ҚХР төрағасы дипломатиялық қарым-қатынастар орнағалы бері Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас үнемі жаңа мазмұнмен толығып, жемісін беріп келетінін атап өтті.
"Тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету жөніндегі Тоқаевтың жүргізіп жатқан реформаларын толық қолдай отырып, сіздің еліңіздің ішкі істеріне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы боламыз. Қазақстанның сенімді досы және сенімді серіктесі болдық және болып қала береді. Біздің елдеріміз бірқатар саладағы ынтымақтастықтың авангардына айналды. Шекара мәселелерін алғашқылардың бірі болып шештік", - деді ол.
Айтуынша, Қазақстан мен Қытай "Бір белдеу - бір жол" бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық үлгісін көрсетіп, индустрияландыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты алғашқылардың бірі болып дамытқан.
"Біз екіжақты қарым-қатынастарды серпінді дамытуға қол жеткізіп, Қытай дипломатиясында теңдесі жоқ мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне шығардық. Бүгінде Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы жаңа тарихи бастау алды", - деді Си Цзиньпин.
Тараптар көлік-логистика, азық-түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылық салаларының мәселелері және трансшекаралық өзендер жайын талқылады.
Келіссөздерден кейін екі мемлекеттің басшылары Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуына орай бірлескен мәлімдеге қол қойылды.
© Photo : Пресс-служба Президента Республики КазахстанБірлескен мәлімдеге қол қою сәті
Бірлескен мәлімдеге қол қою сәті