"Қазатомөнеркәсіп" басшысы ауысты
© Photo : "Казатомпром"Ержан Мұқанов
© Photo : "Казатомпром"
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 14 қыркүйек - Sputnik. "Қазатомөнеркәсіп" АҚ директорлар кеңесінің шешімімен Ержан Мұқанов компанияның басқарма төрағасы болып тағайындалды.
Ержан Мұқанов шілде айынан бері "Қазатомөнеркәсіп" басқарма төрағасының міндетін атқарушы болды. 2022 жылдың наурыз айынан бастап ол компанияның өндіріс жөніндегі директоры қызметін атқарды.
Мұқановтың Ғылым академиясының металлургия және байыту институтында байытудың арнайы әдістері және гидрометаллургия зертханасында инженер қызметінен бастап атом өнеркәсібінде түрлі қызметтегі 23 жылдан астам тәжірибесі бар.
"Қазатомөнеркәсіп" жүйесінде 2006 жылдан бері жұмыс істейді және "КАТКО" БК" ЖШС-да инженер-технолог, AREVA Mines кәсіпорнында өндірісті дамыту жөніндегі үйлестіруші болып бастаған.
Қазіргі уақытта "Қазатомөнеркәсіп" басшылығы құрамына мына азаматтар кіреді:
Ержан Мұқанов, басқарма төрағасы;
Камила Сыздықова, экономика және қаржы жөніндегі бас директор, басқарма мүшесі;
Асқар Батырбаев, коммерция жөніндегі бас директор, басқарма мүшесі;
Досболат Сарымсақов, ядролық отын циклі жөніндегі бас директоры, басқарма мүшесі;
Әлібек Алдоңғаров, HR және цифрландыру жөніндегі бас директор, басқарма мүшесі;
Қазбек Шаймердинов, құқықтық сүйемелдеу және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директор.
Бұрынғы басшы Мәжит Шәріпов 2022 жылдың 4 шілдесінен бастап "Қазатомөнеркәсіп" Ұлттық атом компаниясы" АҚ басқарма төрағасы – директорлар кеңесінің мүшесі қызметінен өз өтініші бойынша кетті.