Тоқаев бірнеше дінбасымен кездесті

© Sputnik / Абзал КалиевАкорда
Акорда - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.09.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII Әлемдік және дәстүрлі діндер съезіне келген бірнеше дінбасымен кездесті, деп хабарлады Ақорда.
Бүгін түске дейін Тоқаев Иерусалим Патриархы III Феофил, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Шейх-уль Ислам Аллашүкір Паша-Заде мен "Әл-Азһар" университетінің Жоғарғы имамы Ахмад ат-Тайебті қабылдады.
Кездесулер кезінде дінаралық және конфессияаралық диалогты ілгерілету мәселелері талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев ислам білімінің ордасы және діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығы саналатын "Әл-Азһар" университетінде қазақстандық студенттердің білім алуына жасалған жағдайды жоғары бағалайтынын жеткізді.
Сонымен қатар, "Әл-Азһардың" Қазақстанда ислам білімі мен зерттеулерінің дамуына қомақты үлес қосып отырғанын ерекше атап өтті. Келесі жылы сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл толады.
Мемлекет басшысы аталған мерейтойға дайындық аясында Қазақстан тарапы Каирдегі сұлтан Бейбарыс мешітін қайта жөндеуге айтарлықтай үлесін қосатынын айтты. Тоқаев барлық мейманға әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне келгені үшін өз ризашылығын білдірді.
Ал құрметті қонақтар съезд қорытындысы әлемде бейбітшілікті одан әрі нығайтудың нақты бағдарларын әзірлеуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Жаңалықтар
0