Сарапшы шетел көліктерін жеңілдікпен тіркеу әділетсіз шешім деп санайды

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.09.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 10 қыркүйек – Sputnik. Тоқаев шетелдік нөмірмен жүрген көліктерді жеңілдетілген тәртіппен тіркеуге рұқсат берді. Бұл жолы сары нөмір беріле ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Бірақ утилизация мен алғашқы тіркеу үшін алымның жалпы сомасы 200-250 мың теңгеден аспауы шарт. Sputnik Қазақстан тілшісі заңдастыруға қандай көліктердің ілігетінін зерделеп, "бір реттік шараны" қайта-қайта енгізудің себебіне үңіліп көрді.

Министрлік заңдастыру жобасын жариялады

Осыдан екі жыл бұрын президент тапсырмасымен армян көліктерін жеңілдетілген тәртіппен тіркеуге рұқсат берілген. Сол кезде арнайы сары нөмір шығарылды. Ал оны таққан көліктерді басқа адамға сатуға тыйым салынды.
Биыл Тоқаев қайтадан шетелдік көліктерді жеңілдетілген тәртіппен тіркеуге ұсыныс жасады. Негізгі талабы – утилизация мен алғашқы тіркеу үшін алымның жалпы сомасын 250 мың теңгеден асырмау. Қазіргі кезде осы жұмысқа жауапты мемлекеттік органдар нормативтік құжаттарды әзірлеуге кірісті. Соның негізінде тағы "бір реттік тіркеу шарасы" жасалады.
Бүгінде жаңа акцияға ілігетін көліктердің жалпы сипаттамасы белгілі. Президент 1 қыркүйекке дейін әкелінген көліктерді ғана тіркеуге рұқсат берді. Бұдан бөлек, бірнеше талапқа сәйкес келмейтін авто заңдастырылмайды. Олар:
іздеуде жүрген көліктер;
сот арқылы қайтарылған көліктер;
бұрынғы жерінде тәртіп бойынша тіркеуден шығарылмаған көліктер;
кедендік рәсімдерден өтпеген көліктер;
тиісті тіркеу құжаты жоқ көліктер;
рөлі оң жақта орналасқан көліктер.
Ішкі істер министрлігі криминалдық көліктерді анықтау мақсатында көрші елдерден ақпарат алып отырады.

ЕАЭО-ның талаптарын ұмытпау керек

Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоковтың ойынша, бұл жолы сары нөмір емес, кәдімгідей қазақстандық нөмірлер беріледі.
"Бірқатар шектеу болатын шығар. Бірақ президенттің сөзіне қарағанда ондай көліктерді толығымен заңдастыруға болады, кәдімгідей қазақстандық нөмірлер беріледі. Демек сату және сатып алу жағынан ешқандай шектеу болмауы керек. Алайда министрлік механизмін әзірлеп жатырмыз деді ғой. Ол тәртіп дайын болмағанша нақты бірдеңе айту қиын", - деді Эдоков Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Сарапшының айтуынша, бүгінде шетелдік нөмірмен жүрген көліктердің ішінде сенімхатпен рәсімделгендер аз емес. Олай болса, көбісі заңдастыруға ілінбей қалады. Сосын ЕАЭО-ның талаптарын да ұмытпау қажет.
"Иә, Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдердің техникалық регламенті бар. Оған сәйкес, Еуро-4 экологиялық стандартқа сай келмейтін көліктер тіркеуге қойылмайды. Бұдан бөлек, ABS пен қауіпсіздікке қатысты бірқатар талап енгізілген. Сондықтан жеңілдетілген тәртіп енгізілсе де, ескі көліктер тіркеуге алынбайды", - деп атап өтті Эдоков.

Әділетсіздік болды

Биыл Қазақстанда утилизациялық алымның тарифі екі есеге төмендетілген болатын. Мәселен, бұрын қозғалтқыш көлемі 2 литрден аспайтын көлік үшін тариф бір миллион теңгеден асып кететін. Қазір 536 мың теңгені құрайды. Ал жеңілдетілген тәртіппен оның сомасы тағы екі есеге қысқарады. Оның ішіне алғашқы тіркеуге кететін шығындар да кіреді.
Сарапшы Эдуард Эдоковтың айтуынша, ондай шара утилизациялық алымды заң бойынша төлеген көлік иелерінің ренішін туғызады.
"Бұл шара популистік бастамаға көбірек ұқсайды. Сосын заңға бағынатын азаматтар бар ғой. Мысалы, олар утилизациялық алым болсын, кедендік алым болсын, бәрін заң бойынша төлеген. Ал көлікті заңсыз әкелгендерге тағы жеңілдік беріліп отыр. Олар оп-оңай заңдастырмақшы. Сонда заңға бағынатын адам көп ақша шығарып тұр ғой. Бұл әділетсіздік деп ойлаймын. Мемлекет осындай "бір реттік шарамен" көлік әкелудің заңсыз әрі "сұр" схемаларын ынталандырып отырған сияқты. Алдында қырғыз көліктерін рәсімдеді, одан кейін армян көліктеріне жеңілдік берілді. Енді бәріне бірдей "рақымшылық" жасап жатыр", - деп атап өтті Эдоков.
Оның ойынша, халық "бір реттік шараны" бұдан кейін тағы күтеді. Осылайша, Қазақстандағы заңсыз және ескі көліктердің саны азаймайды, керісінше көбейе береді.
Жаңалықтар
0