Елордада "Өмір ағашы" монументі бар жаңа саябақ салынады
11:54 09.09.2022 (жаңартылды: 13:07 09.09.2022)
Жазылу
Бейбітшілік пен келісім саябағы келесі жылы ашылады деп жоспарланып отыр
НҰР-СҰЛТАН, 9 қыркүйек – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласында жаңа Бейбітшілік пен келісім саябағы пайда болады. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің делегаттары болашақ саябақтың капсуласын салуға қатысады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне дайындық аясында Қазақстандағы түрлі конфессиялар мен ұлттар арасындағы ынтымақтастықты, достық пен бірлікті бейнелейтін табиғи-рекреациялық саябақтың тұжырымдамасы әзірленді.
Бейбітшілік пен келісім саябағы Есіл өзенінің бойында орналасады.
© Photo : Пресс-служба акима Нур-Султана "Өмір ағашы" елордадағы жаңа Бейбітшілік пен келісім саябағының орталық элементі болады, эскиз
"Өмір ағашы" елордадағы жаңа Бейбітшілік пен келісім саябағының орталық элементі болады, эскиз
© Photo : Пресс-служба акима Нур-Султана
Қала әкімдігінің Урбанистика орталығының мамандары жобаның негізгі идеясы - "Өмір ағашы" монументі болатынын атап өтті. Бұл құрылыс күмбез түрінде жасалады, оның ортасына емен ағашын орналастыру жоспарланып отыр. Ағаш спиральмен және үйлесімді субұрқақпен – су айдынымен қоршалады.
"Автор идеясына сәйкес, ғасырлар бойы тамыры тереңде жатқан су мен өмір ағашы Жер бетіндегі тіршіліктің адамзатқа ортақ құндылығын айшықтайды. Осылайша, инсталляция барлық конфессияның келісімге, бейбітшілік пен достыққа шақыруын білдіреді. Күмбез аспан астындағы әлемді бейнелейді. Онда Оңтүстік, Солтүстік, Батыс және Шығысты білдіретін 4 кіру аймағы болады", - деп түсіндірді Урбанистика орталығы.
© Photo : Пресс-служба акима Нур-Султана "Өмір ағашы" монументінің айналасына 50-ден астам жапырақты және қылқан жапырақты ағаш отырғызылады, эскиз
"Өмір ағашы" монументінің айналасына 50-ден астам жапырақты және қылқан жапырақты ағаш отырғызылады, эскиз
© Photo : Пресс-служба акима Нур-Султана
Күмбез қабырғасында жаратылыс, Қазақстан тарихындағы оқиғалар, сондай-ақ қазіргі заманның ұрпағына үндеу ретінде еліміздің аумағынан табылған әйгілі ежелгі жартас суреттері – петроглифтер салынады. Ағаштың айналасындағы спираль аспан (күмбезді) мен жерді (су бетін) байланыстырады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне қатысатын делегация басшыларының санына сәйкес, "Өмір ағашы" монументінің айналасына 50-ден астам жапырақты және қылқан жапырақты ағаш отырғызылады. Ағаштардың жанына саябақ іргетасының қаланған күні жазылған ескерткіш тақталар орнатылады.
Саябақтың құрылысы 2023 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.