Орман өртінен зардап шеккен тұрғындар жергілікті биліктің шешімімен келіспейді

© МЧС РКҚостанай облысындағы орман өрті
Қостанай облысындағы орман өрті - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.09.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik. Қостанай облысында өрттен зардап шеккен Аманқарағай ауылының тұрғындары жергілікті билік өкілдеріне бізбен ақылдаспады деп өкпелі. Себебі көбі ауылдан кеткісі келмейді. Ал жаңа үйлер елді мекеннен 5 шақырым жердегі аудан орталығында салынып жатыр, деп хабарлады "Хабар 24".
"Бұл жер батпақты. Жерді сәл қазсаң, су шығады. Ол не деген сөз? Яғни, баспана үнемі ылғал боп тұрады. Топырағы да бақша өсіруге арналмаған", - дейді ауыл тұрғыны Владимир Гейгер.
Тұрғындардың көңілін күпті етіп тұрған нәрсе – құрылыс алаңына жақын орналасқан қамыс. Бұл жерде көктемде су жиналады және жер асты сулары да шығады деп қорқады. Сондықтан келешекте жаңадан салынған үйіміздің іргетасы жерге көміліп қала ма деп уайымдайды. Ал жергілікті биліктің өз уәжі бар. Айтуларынша, бұл жер аудан орталығын кеңейту мақсатында осыдан 4 жыл бұрын зерттеліп қойған.
"Айтатын адамдар айта береді. Бірақ бас жоспар бойынша бүкіл экспертизадан өткен. Рұқсат қағаздары бар. Мемлекеттік сараптамадан өткен. Бүкіл құжаты түгел бар", - дейді Әулиекөл ауданының әкімі Ерлан Теменов.
Дегенмен жергілікті билік пен құрылысшылардың алдында қазір нақты міндет тұр. Себебі президент бұл баспаналарды 2 жарым, ары кетсе 3 айдың ішінде тапсыру қажет деген қатаң тапсырма берген болатын. Сол үшін мұнда күндіз-түні құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Жаңалықтар
0