Мәулен Әшімбаев елорданың атауын өзгертуге қатысты пікір білдірді

© Sputnik / Абзал КалиевМәулен Әшімбаев
Мәулен Әшімбаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.09.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елорданың атауын өзгертуге қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін сенат отырысынан кейін журналистер спикерден төменгі палатаның ұсынысы туралы сұрады. Күні кеше қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханның Нұр-Сұлтан атауын ауыстыруға қарсы шыққанын да еске салды.
"Бұл жерде адамдар өз пікірін айтуға құқылы. Ол үшін оны ешкім қудаламайды. Бірақ ең бастысы біз азаматтардың, халықтың пікірін ескеруіміз керек. Халықтың пікірі, қала тұрғындарының пікірі – ол ең негізгі фактор. Соңғы жылдары халықтың не деп жатқанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Мәжіліс депутаттары осыны естіп, бастама көтеріп жатыр. Халық қаласа, онда осындай шешімдерге баруымыз керек ", - деді Әшімбаев.
Спикер қаланың атауын өзгерту бастамасы саяси ойын емес екенін де ерекше атап өтті.
Осы орайда журналистер "Қаланың атауын Нұр-Сұлтанға ауыстыру асығыс шешім болған жоқ па?" деген тағы бір сұрақ қойды. Әшімбаев "Жаңа Қазақстанда" осындай мәселелер халық үніне құлақ асатын мемлекеттің назарынан тыс қалмау керектігін айтты.
"Біздің негізгі мақсатымыз – халықтың пікірін ескеріп, қоғамдағы ойлардың бәрін пысықтап, шешім қабылдау. Астанаға қатысты шешім әлі қабылданған жоқ. Талқылау процесі жүріп жатыр, мәжіліс депутаттары көтерді. Оны қазір жан-жақты қарауымыз қажет және ең бастысы халықтың пікірін ескеруіміз керек ", - деп түйіндеді Әшімбаев.
Жаңалықтар
0