Діндер лидерлерінің съезіне 100-ден астам делегация қатысады

© Sputnik / Абзал КалиевНұр-Сұлтан келбеті
Нұр-Сұлтан келбеті - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.09.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 5 қыркүйек – Sputnik. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров 14-15 қыркүйекте өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне дайындық барысы туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында Дәстүрлі және әлемдік діндер лидерлерінің VII съезі жоспарланып отыр. Съезд аясында әлемнің 50 елінен 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм өкілдері қатысады. Сондай-ақ съезге Рим папасы Франциск те келетінін растады.
"2022 жылғы 13-14 қыркүйекте Рим Папасы Францисктің Қазақстанға мемлекеттік сапары өтеді. Сондай-ақ Қазақстанға әлемнің түрлі елінен 3000-ға жуық қажы келеді деп күтілуде", деді Смадияров сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте.
Айтуынша, сапар аясында Понтификтің президентпен кездесуі (13 қыркүйек), Қазақстан жұртшылығы мен дипломатиялық корпус алдында сөз сөйлеуі (13 қыркүйек, "Қазақстан" орталық концерт залы), Мессасы (14 қыркүйек, ЭКСПО аумағы), сонымен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне (14-15 қыркүйек) қатысуы жоспарланған.
Айта кетері, Католик шіркеуінің басшысы Қазақстанға екінші рет келгелі отыр. Рим Папасы Иоанн Павел II Қазақстанға 2001 жылы келген болатын.
"Бұл Қасиетті тақтың Қазақстанның әлемдік аренадағы және бірінші кезекте, бейбітшілік жолындағы диалогты нығайту ісіндегі маңызды рөлін мойындағанын айғақтайды", - деді Смадияров.
Алдағы діни форумға, сонымен қатар, әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы Теофил III, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф және басқа да діни жетекшілер, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымның өкілдері келмек.
Съезд елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтеді. Съез тақырыбы – "Әлемдік және дәстүрлі конфессиялар көшбасшыларының пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы рөлі".
СІМ ақпаратынша, бүгінгі таңда аталған шараға 60 шетелдік БАҚ-тың 230-дан астам өкілі аккредиттелді.
Жаңалықтар
0