Жаңа үш облыстан сайланған сенаторлар жайлы не білесіз

© Photo : пресс-служба сената парламента КазахстанаДепутаты на заседании
Депутаты на заседании - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.09.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 2 қыркүйек – Sputnik. Жақында парламенттің жоғары палатасына тағы алты депутат сайланды. Олар – жаңадан құрылған Абай, Жетісу мен Ұлытау облыстарының өкілдері. Күні кеше сенаторлар ант беріп, жұмысқа ресми түрде кірісіп кетті. Алты сенатордың ішінде тарих пәнінің мұғалімі, құрылысшы, инженер-электрші пен колледж ұстазы бар, бір-бірін танитын құрдастар да жоқ емес. Sputnik Қазақстан жаңадан сайланған депутаттардың өмірбаянын зерделеп шықты.

Абай облысынан екі құрдас келді

Тамыздың соңында өткен сайлаудың нәтижесінде Абай облысының атынан сенатқа Бақытжан Байахметов пен Айнұр Арғынбекова сайланды.
Бақытжан Байахметовтың соңғы қызметі – Семей қаласының әкімі. Жоғары оқу орнын "инженер-электрші" мамандығы бойынша бітірген. Артынан экономист мамандығын алды.
Еңбек жолын "Алтайэнерго" мекемесінде Аягөз электр торабының инженері болып бастаған. Жеті жылдың ішінде тораптың бастығы қызметіне дейін жетті. Ал 1999 жылы Шығыс Қазақстан аймақтық энергетикалық компаниясына ауысты. Сол жерде бір жылдай техникалық қамсыздандыру және релелік автоматикалық қорғау бөлімінің басшысы болды. Артынан бас диспетчер, өткізу тобының жетекшісі, Аягөз аймағының директоры, ал 2004 жылы Бородулиха ауданының электр торабының бастығы қызметіне тағайындалды.
2005 жылы Бақытжан Кәкенқажыұлы мемлекеттік қызметке ауысып, үш жылдай Аягөз ауданы әкімінің орынбасары болды. Сосын қайтадан бизнеске ауысты. Бір жыл "Дана-Аягөз" ЖШС атқарушы директоры болып істеді. Ал 2009 жылы мәдениет және ақпарат министрлігіне келіп, үш айдың ішінде бас сарапшы және басқарма бастығы ретінде тер төкті. Сәуір айында ақпарат және мұрағат комитетінің бас сарапшысы болды. Онда да көп істеген жоқ. Екі айдан кейін қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау басқармасына ауысып кетті. Бас сарапшы болды.
Сол жылы Өскемен қаласының құрылыс бөлімінің бастығы, ал бір жылдан кейін Аягөз қаласының әкімі болып тағайындалды. Ол жерде төрт жыл еңбек етті. 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданына әкім болып барды. Бірақ көп тұрақтаған жоқ. Бес айдан кейін Аягөз ауданының әкімі болды. Тағы төрт жыл жұмыс істеп, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметіне келді. Ал 2021 жылы маусым айында Семей қаласының әкімі қызметіне тағайындалды. Баяхметов осы аптаның басында 52 жасқа толды.
Абай облысынан сенатқа сайланған екі депутат құрдас: Айнұр Арғынбекова мен Бақытжан Байахметов бір жылда туған. Бірақ желіде Арғынбекова туралы ақпарат өте аз. 1999 жылдан бері Семей қаласындағы "Қайнат" жоғарғы колледжін басқарған. 2012 жылдан бастап қалалық мәслихат депутаттығына үш рет сайланды. Ол да Amanat партиясының атынан келді. Сайлауалды бағдарламасының атауы – "Халықтың жайы. Тұрмысы. Өмір сапасы. Ертеңгі күнге деген зор сенімі".

Жетісудан тарихшы мен инженер-механик сайланды

Жетісу облысынан сайланған Амангелді Толамисов Аягөз қаласында дүниеге келген. Сол жерде лицейде оқыды. Артынан Талдықорғанға көшіп кетті.
1999 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тарих мамандығы бойынша бітірген. Бірнеше ғылыми мақала мен оқу құралының авторы. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. Ал 2011 жылы тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды.
Амангелді Ғабдылкәрімұлы 2020 жылы партиялық праймеризге қатысқан. Сол кезде отандық білімді дамытуға күш салуға уәде берді.
Бұдан бөлек, "Харекет" қайырымдылық қорының Талдықорған қаласы бойынша өкілі болды. "1000 теңгеге – баспана" жобасына атсалысты. Әлеуметтік желіде белсенді, бір парақшасына бес мыңға жуық адам жазылған.
Ал Толамисовпен бірге жоғарғы палатаға барған Ғалиасқар Сарыбаев әлеуметтік желіде көп отырмайды. Осы айда 59-ға толады. Кербұлақ ауданының тумасы мамандығы бойынша инженер-механик, артынан заңгер мамандығын да алды. Ал еңбек жолын Павлодар трактор зауытында бастаған. Бірақ ол жерде бір жылдай ғана жұмыс істеді. 1986 жылы туған жеріне оралып, аудандық партия комитетінің жұмысына араласты. Ал төрт жылдан кейін Сарыөзек ауылына Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры болып тағайындалды. Білім беру ұйымын бір жыл басқарды. Содан аудандық туризм, спорт және жастар ісі жөніндегі басқармасына барады, артынан әкім аппаратының бөлім басшысы болады.
2001 жылы бизнеске ауысып, "Фирма Жаса" ЖШС басқарушының орынбасары, оған қоса, Талдықорған қаласында тұтынушылар кооперативтерінің қауымдастығында қызмет атқарды. Араға бір жыл салып, облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасына ауысады. Осы мекемеде екі жыл жұмыс істеді. 2005 жылы Алматы облыстық ішкі саясат департаментінде бөлім басшысы мен директор орынбасары болды. Алты жылдан кейін Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
2015 жылы Ғалиасқар Төлендіұлы облыстық ішкі саясат басқармасына жетекшілік етеді, Алматы облысы әкімінің кеңесшісі болады. Бірақ бір жылдан кейін кетіп қалады. Сосын 2020 жылдың басында облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі қызметіне келеді. Ол жерде сегіз айдай ғана жұмыс істейді. Ал желтоқсан айында Кербұлақ ауданына әкім болып барады. Содан бірден сенатқа келген.

Ұлытау облысынан кімдер келді

Советбек Медебаев та, Серік Шайдаров та 1965 жылы дүниеге келген. Бірақ Абай облысының екі сенаторы сияқты бір қалада жұмыс істеген жоқ.
Қарсақбайдың тумасы Советбек Медебаев Жезқазған қаласының құрылыс техникумын бітірген. Ал әскерге барып келгеннен кейін еңбек жолын "Облбытуправление" жөндеу құрылыс басқармасында Жезқазған учаскесінің шебері болып бастады, прораб болды. 1988 жылы Жезқазған геологиялық барлау экспедициясына барды, аға шебер мен прораб қызметін атқарды. Артынан Жезқазған облыстық тұтынушылар одағына ауысып кетті. 1992 жылдан бастап одақтың күрделі құрылыс, көлік пен материалдық техникалық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы болды.
1995 жылы Жезқазған қаласы әкімі аппаратын басқаруға келді. Сол жерде сегіз жылдай еңбек етті. 2003 жылы Жезқазған қалалық маслихатының хатшысы, бес жылдан кейін Сәтбаев қаласының әкімі болып тағайындалды. 2011 жылы "Қазақмыс" корпорациясының аймақтық кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары, ал бір жылдан кейін Жезқазған қалалық маслихатының хатшысы болды. Содан тоғыз жылдан кейін ғана Ұлытау ауданының әкімі болып тағайындалды. Бірақ көп істеген жоқ. Бір жылдан кейін сенатқа келіп отыр.
Жаңадан құрылған облыстан келген тағы бір сенатор Серік Шайдаров та мамандығы бойынша құрылысшы, экономист мамандығын да меңгерді. Туған жері – Жаңарқа ауданындағы Атасу кенті.
Серік Жаманқұлұлы негізгі мамандығы бойынша көп жұмыс істеген жоқ. Төрт жылдан кейін жергілікті билікке араласып, Жаңарқа ауданы әкімінің орынбасары болды. Ал 1997 жылы аудан әкімі лауазымына тағайындалды. Осы қызметте он жыл қызмет етті. 2007 жылы Нұра ауданына әкім болып барды. Төрт жылдан соң, облыстық басқармада екі жылдай істеді де, Жезқазған әкімі болып кетті. Бірақ бір жылдан кейін Абай ауданына ауысып, үш жыл басқарды.
Содан 2017 жылдан бастап Қарағанды облысы әкімінің агроөнеркәсіп кешені, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану бойынша орынбасары қызметін атқарып, биыл сенатқа сайланды.
Жаңалықтар
0