Нұр-Сұлтанда 300 адам наразылыққа шықты
08:49 01.09.2022 (жаңартылды: 12:22 09.08.2023)
© Photo : Скриншот видео300 адам наразылыққа шықты
© Photo : Скриншот видео
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек – Sputnik. Нұр-Сұлтанда "Астана тазалық" компаниясының 300-ге жуық қызметкері наразылық акциясына шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Almaty арнасына сілтеме жасап.
Айлығы шайлығына әрең жететін көше сыпырушылар биыл балаларын мектепке дұрыс дайындай алмады. Айналдырған 109 мың теңге еңбекақының өзін қысқартып тастады. Жалақыны азық-түлікке де жетпей қалды.
"Астана тазалық" қызметкерлері шыдай алмай, наразылыққа шықты. 300-ге жуық көше тазалаушы айлықтың аздығын айтып отыр. Жұмысшылар "жалақыны көтер" десе, басшылық "компания қарызға белшесінен батқан" дейтін көрінеді. Оның үстіне тырнақ астынан кір іздеп, 5 минут демалуға отыра қалса, фотоға түсіріп, айыппұл салатыны тағы бар. "Біз түнгі сағат 03:ОО-де тұрамыз. Түстен кейінгі сағат 04:00-ге дейін далада жүреміз. Қанша сағат, өзіңіз есептеп көріңіз. Сондағы біздің алатын айлығымыз 109 мың теңге. Осыны айтсам, жұмысшылар айтқандай "менің соңыма түссе, түсіп алсын", мына директордың орынбасары "ақша жоқ" деп маған дауыс көтеріп сөйлейді", – деді "Астана тазалық" ЖШС қызметкері Нұғымар Құмар.
Наразылыққа шыққандардың дені – елуден асқан ел ағалары мен аналар. Көпшілігінің көздері қызарып кеткен. Олардың айтуынша, ұйқы мүлдем қанбайды. Соның кесірінен қан қысымы жиі көтерілетін болыпты.
"Медицина, полиция қызметкерлері алады. Біз адам емеспіз бе? Біз де күндіз-түні жұмыс істейміз. Қан қысымы көтеріліп, 3-4 адам көз жұмды. Біз түнде ұйықтай алмаймыз. Қыстың күні ұйқы жоқ. 24- 25 сағат. Үйге барып, 3-4 сағат ұйықтаймыз дегенше, жұмысқа қайта келу керек болады", – дейді тағы бір жұмысшы Кенжебек Сағындықов.
Наразылыққа Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов арнайы келген. Ол "Астана тазалықтың" қарызы барын растады. Аталған компанияда 840 миллион теңгенің берешегі жиналып қалды. Енді әкімдік 2,5 миллиард теңге бөліп, бүгінгі мәселені шешуді көздейді. Ал жұмысшылардың жалақысы қараша айынан бастап көтерілетінін мәлімдеді.
"Бұл мекеме ақшаны аудан арқылы алады. Есіл, Сарыарқа, Байқоңыр, Алматы ауданы. Қазір жұмысты бастап кетеміз де, қазанда қабылдап, ақшаны кәсіпорынға бөлеміз. Сондықтан қарашадан бастап, жоспар бойынша жалақыны көтерейік", – деп атап көрсетті Нұркенов.
Наразылық акциясы үш сағатқа созылды. Жұмысшылар жалақымен қоса басшының орынбасарын ауыстыруды талап етті. Әкімдік өкілі бұл мәселені де қарастыратынын айтып тарқасты.