Жамбыл облысында пойыздан секіріп кеткен баланың бірі көз жұмды

© Sputnik / Алексей Куденко / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.08.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 30 тамыз – Sputnik. Жамбыл облысы Талас ауданының орталық аудандық ауруханасында жүк пойызынан секіріп кеткен екі баланың бірі көз жұмды.
7 және 9 жастағы ағайынды жүк пойызының төбесіне шығып, көрші ауылдағы әкесіне бармақ болғанын бұған дейін хабарлаған едік. Пойыз жылдамдығын арттыра бастағанда балалар пойыздан секіріп түсіп, жарақат алған.
"Балалар сағат 23:00-де жедел жәрдеммен қабылдау бөліміне түсті. Ағайындының үлкені тоғыз жасар К. Талас орталық аудандық ауруханасының хирургия бөліміне жатқызылды, оның миы шайқалған, самай аймағынан жарақат алған. Жалпы жағдайы орташа ауыр. 7 жастағы екінші бала Р. өте ауыр жағдайда түсті. Ашық ауыр бассүйек-ми жарақаты, мидың ауыр дәрежеде зақымдануы, үшінші дәрежелі ми комасы, мидың ісінуі және төртінші дәрежелі травматикалық шок алған деген диагноз қойылды", - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Толқын Өмірбекова.
Бала дереу жансақтау бөліміне жатқызылып, алғашқы реанимациялық жедел медициналық көмек көрсетілді, деп хабарлады "Казинформ".
"Бала жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылды. Авиация арқылы шақырту бойынша келген тараздық нейрохирург тиісті медициналық көмекті көрсетті. Алайда баланың жалпы жағдайы өзгермеді, 12 сағаттан соң көз жұмды", - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша полиция Қылмыстық кодекстің 344-бабының бірінші бөлігі "Темір жол қозғалысы қауіпсіздігі қағидаларын бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
29 тамыз күні сағат 22.40-та көлік полициясына Жамбыл облысының тұрғыны, 53 жастағы шопаннан хабарлама келіп түскен. Ер адам Тамды-Таласта жүріп келе жатқан жүк пойызының вагондарында кәмелетке толмаған екі баланы көргенін айтқан.
Хабарламаны алған полицейлер дереу іздеуге кірісті.
Тәртіп сақшылары 40 минуттың ішінде Билекөл ауылының маңында 9 жасар баланы, ал оның 7 жасар інісін теміржол рельстерінің жанынан, Жұма станциясы маңынан тапты. Балалар Талас аудандық орталық ауруханасына жатқызылды.
Тексеру кезінде балалар Қаратау ауылында анасымен бірге тұратыны анықталды. 29 тамызда Жамбыл ауданы Тамды ауылындағы әжесіне қонаққа барған.
Қараусыз қалған балалар көрші ауылда тұратын әкесіне баруды ұйғарыпты. Балалардың ата-анасы ажырасып кеткен. Тамды стансасында балалар жүк пойызының соңғы вагонына мінген. Жолда жүк пойызы жылдамдығын арттырғанда қорқып, Жұма станциясының маңында секіріп кеткен.
Жаңалықтар
0