Қоғам

Мектепте буллингпен қалай күреседі – министрлік ережені жариялады

© Public DomainПрятки, иллюстративное фото
Прятки, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.08.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 30 тамыз – Sputnik. Оқу-ағарту министрлігі мектептегі буллинг, яғни, баланы жәбірлеуге қарсы күрес шараларын әзірледі. Арнайы ережеде ондай оқиғаларды дер кезінде анықтау, тергеу және жолын кесу тәртібі көрсетілген. Sputnik Қазақстан ереженің негізгі қағидаларына шолып шықты.

Жазбаша ескертіледі

Ережеге сәйкес, мектепте буллингтің алдын алу мақсатында оқушылар адамды жәбірлеу заңмен тыйым салынғаны туралы жазбаша түрде хабардар етіледі. Сол жерде нақты әрекеттер де көрсетіледі.
Олар:
адамның жеке басын, ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсіту;
ауызша және вербальды емес түрде, тікелей немесе пассивті агрессия;
физикалық немесе психологиялық зиян келтіру;
адамның жеке басын қорлау сипатындағы түсініктемелер;
телекоммуникация және интернет құралдары арқылы жәбір көрсету;
Білім беру ұйымында кәмелетке толмағанды жәбірлеудің профилактикасы жөніндегі ішкі жоспары да болуы шарт.
Оған сәйкес, буллингті болдырмауға және анықтауға бағытталған ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылады. Осы жұмысқа директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары жауапты болады. Ол мектептегі жағдайды бақылап, мониторинг жасап жүруге міндетті.

Полиция жаза қолданады

Буллингке ұшыраған баланы ата-анасы ішкі істер, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және басқа да жергілікті атқарушы органдарға арыздануы мүмкін. Ондай ақпарат түскен бойда мемлекеттік органның маманы бір жұмыс күні ішінде бала туралы бастапқы ақпаратты, соның ішінде аты-жөні, тұратын жері, отбасы мүшелері және таға басқа мәліметті жинайды.
"Жиналған деректер негізінде маман баламен одан әрі жұмыс істеу үшін басым мемлекеттік органды таңдау туралы шешім қабылдайды және өтініш келіп түскеннен кейін екі күннен кешіктірмей ақпаратты осы бағыттағы жұмысқа жетекшілік ететін жергілікті атқарушы органның маманына береді", - делінген ережеде.
Ал балаға қатысты қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылық жасалса, дереу ішкі істер органдарына хабар беріледі. Білім беру ұйымында баланы жәбірлеу туралы ақпарат мектеп әкімшілігіне де жеткізіледі. Полициия буллинг жасаған адамдарды анықтап, профилактикалық жұмыс жүргізеді. Ата-аналарымен де жұмыс істейді.
Құқықтық ден қою шараларын қабылдайды. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық және ата-ана міндеттерін орындамау фактілер анықталса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тергеу шаралары қолға алынады. Соған сәйкес, жаза қолданылады.

Мектептің міндеттері

Ережеде мектептердің жәбірлеу фактісі бойынша іс-қимыл тәртібі де жазылған. Осы орайда білім беру ұйымына нақты міндеттер жүктеліп отыр.
Олар:
баланы жәбірлеудің (буллингтің) барлық фактілерін анықтау және тіркеу;
баланың құқықтары туралы құқықтық білімді жетілдіру;
буллингке ұшыраған балаға психологиялық қолдау мен көмек көрсетуді ұйымдастыру;
жәбірлеуге зардап шеккен білім алушыларға көмек көрсету үшін өз құзыреті шеңберінде басқа органдар мен ұйымдарды тарту;
агрессор баланы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу;
буллинг фактілері бойынша арнайы қызметтерге жүгіну мүмкіндігі туралы хабардар ету;
ішкі істер органдарына, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға буллинг фактілері туралы дереу хабардар ету;
мүдделі мемлекеттік органдарға жәбірлеуге ұшыраған бала туралы ақпарат беру;
буллинг жағдайлары туралы статистикалық деректерді, соның ішінде қайталап жіберу және қабылданған шаралар туралы ақпаратты аумақтық білім басқармасына тоқсанына кемінде бір рет жолдау;

Өзіне деген сенімін күшейту

Мектепте буллинг анықталса, екі жоспар жасалады. Біреуі жәбір көрген баламен жұмыс жасауға арналса, екіншісі агрессор баламен жұмыс істеуді көздейді.
Бірінші жоспарға сәйкес, буллингке ұшыраған баланы қызығушылықтарына сәйкес білім беру қызметінің қосымша нысандарына бағыттап көреді. Эмоционалды мінез-құлқы зерделенеді. Жеке және топтық бейімдеу, кеңес беру, түзету, тренинг түрінде баланың өзіне деген сенімін қалыптастыру шаралары қолға алынады.
Ал агрессор балмен жұмыс жасау жоспары бойынша мұғалімдер онымен әңгімелесіп көреді. Әлеуметтік педагогтар отбасына барып, ата-анасына немесе заңды өкілдеріне буллинг жасағанын айтады.
Сосын адам құқықтарына, ар-намысы мен абыройына құрметпен қарау және басқа балалармен тұлғааралық қарым-қатынасты қалыптастыру бойынша жеке кездесулер өткізіледі.
Жаңалықтар
0