Сарапшылар Каспийдегі итбалықтардың адамдарға неге шабуыл жасайтынын айтты

© Sputnik / В. Калиничев / Медиабанкке өтуКаспийский тюлень
Каспийский тюлень - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.08.2022
Жазылу
Тамыз айының басынан бері Каспий теңізінің Қазақстан аумағындағы жағажайларда итбалықтар адамдарға үш рет шабуыл жасаған
НҰР-СҰЛТАН, 29 тамыз – Sputnik. Ақтаудағы итбалықтардың адамдарға шабуылы жиілеп барады. Тамыз айының басынан бері облыстың үш тұрғыны итбалықтың тістері мен тырнақтарынан зардап шеккен. Ер адам тырнақ ізінен қалған терең жарақаты өз бетімен жазылып жатса, итбалық шабуылынан зардап шеккен екі қыз қазір арнайы ем қабылдап жатыр.
Экологтардың айтуынша, итбалықтардың адамдарға деген агрессиясын оңай түсіндіруге болады: олар өз аумағын қорғап жатыр, деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.
Ақтау қаласының 25 жастағы тұрғыны жағаға жақын жерде суға шомылып жатқанда артынан үлкен итбалық тап бергенін есіне алды. Бұл жағдайдың оқыстан болғаны соншалық, ер адам қашып кетуден басқа амал таппаған. Ол жағаға шыққан кезде ғана тіс пен тырнақ орны қанталап тұрғанын көрген.
"Ол ересек итбалық болатын, ұзындығы бір метрге жуықтайды. Оның тістері менің теріме батты. Итбалық шабуылынан кейін мен жылдам облыстық аурухананың дәрігерлеріне жүгіндім. Бірақ олар қандай ем қабылдау қажеттілігін білмейміз деп, маған көмектеспеді. Өзімді жақсы сезінгендіктен басқа дәрігерлерге жүгінбедім", - деп еске алды жәбірленуші.
Эколог Орынбасар Тоғжановтың айтуынша, итбалықтардың жағалау аумағына шығуы қалыпты құбылыс. Теңіз мақұлығы өзін суда да, құрлықта да еркін сезінеді. Ол әдетте балық аулағаннан кейін жағада демалады. Егер бұрын бұл олардың аумағы болса, қазір жағалауда демалушылар көп жиналатын болды.
"Қазір итбалықтардың жатағы Дурнев, Құланды, Құлалы аралдарында, Бозашының солтүстік шетінде және Баутино аймағында орналасқан. Олар Кендірліде де бар болатын, бірақ қазір онда демалушылар көп. Жануарлар алыс кетуге мәжбүр. Ал балық аулағаннан кейін күш-қуатын қалпына келтіру үшін олар жағажайларға шығып жатыр. Балық та азайып кеткен. Сондықтан итбалықтардың агрессивті іс-әрекетіне аштық та әсер етуі мүмкін", - деп түсіндірді ғалым.
2005-2012 жылдары халықаралық ғалымдар тобы итбалықтарға әуеден санақ жүргізді. Санақ жыл сайын ақпан айында теңіз сүтқоректілері көбейетін шақта жүргізілді. Бұл шара итбалықтардың саны бір миллионнан 100 мыңға дейін азайғанын көрсетті. Ал 2015 жылы кейбір аралдарда Каспий мақұлығы тіпті жоғалып кеткен. Сол шақтан бері ешқандай зерттеу жүргізілген жоқ. Сондықтан облыста қанша итбалық бар екенін қазір ешкім нақты білмейді.
Жаңалықтар
0